ЫСТАЛҒАН БАЛЫҚ ЖЕГЕН ТӨРТ АДАМ ЖАНСАҚТАУ БӨЛІМІНЕ ТҮСТІ

Төрт адам жансақтауда: ысталған балықтан кейін отбасы ботулизмге шалдықты.

Маңғыстау облысында отбасылық дастарханнан кейін төрт адам, оның ішінде 9 жастағы бала, жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлер олардың жағдайын ауыр деп бағалап отыр.
Алдын ала мәлімет бойынша, отбасы 17 қыркүйекте үй жағдайында дайындалған салқын ысталған балық жеген. Өнім тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталған.
Арада уақыт өткен соң үш ересек адам мен балада әлсіздік, бас айналу, жұтынудың қиындауы, көрудің бұзылуы, көздің бұлдырауы және заттардың қосарланып көрінуі сияқты қауіпті белгілер пайда болған. Науқастардың барлығы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.
Мамандар пациенттерге ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізген.
Бұл оқиға үйде дайындалған тағамның қауіпсіздігіне тағы бір рет назар аудартады. Себебі ботулизм кезінде тағамның сыртқы түрі мен иісі өзгермеуі мүмкін. Яғни қауіпті өнімді көзбен қарап немесе иісіне қарап анықтау әрдайым мүмкін емес. Әсіресе үй жағдайында дайындалған, дұрыс термиялық өңдеуден өтпеген, ұзақ сақталған немесе сақтау талаптары бұзылған балық өнімдеріне сақтықпен қараған жөн.
Бір ғана тағамның дұрыс сақталмауы тұтас отбасының өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан күмәнді өнімді «обал болады» деп тұтынудың қажеті жоқ.

БӨЛІСУ