6 УЧАСКЕДЕ ДАУЫС БЕРУ ТАҢҒЫ 6-ДА БАСТАЛДЫ

Бүгін – Құрылтай сайлауы! 

Қызылорда өңірінде сайлаушылар үшін 386 учаске жұмыс істеп жатыр. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін мекемелер мен әскери бөлімшелердегі 6 учаскеде дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды. Оның 5-еуі – кен орындарында, 1-еуі – әскери бөлімде орналасқан.

Аталған учаскелерде 4627 азамат дауыс беруге құқылы.

Сайлаудың алғашқы сағаттарында «Құмкөл» кенішінде ауысыммен еңбек етіп жатқан мұнайшылар да өз таңдауын жасады. Таңмен таласа дауыс берген азаматтар маңызды науқанға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарын танытты.

Жалпы, облыстағы сайлау учаскелерінде 2720 комиссия мүшесі қызмет атқарып жатыр.

Сайлаушылар өз аумағындағы учаскелерге барып, сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.

БӨЛІСУ