Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу бағытындағы ірі жобалардың бірі жүзеге асырылуда. Тереңөзек кентінде салынып жатқан жүгері дақылын терең өңдеу зауытының құрылысы қарқынды жүргізіліп, жоба аудан экономикасын әртараптандыруға және агроөндірістің жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік бермек.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікеновпен бірге өндіріс орнының құрылыс барысын көріп, нысандағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімдердің сақталуын тексерді. Сонымен қатар қажетті құрал-жабдықтардың уақытылы жеткізіліп, орнатылуына басымдық беру қажеттігін атап өтті.
Бұл жобаның маңызын бір ғана зауыттың құрылысымен шектеуге болмайды. Себебі Сырдария үшін ауыл шаруашылығын әртараптандыру – уақыт талабы. Өңірдің егін шаруашылығы ұзақ жылдар бойы күріш өндірісіне басымдық беріп келсе, бүгінде су ресурстарын тиімді пайдалану, нарыққа бейімделу және қосылған құны жоғары өнім өндіру мәселесі алдыңғы қатарға шықты. Осы тұрғыдан алғанда жүгеріні өсірумен қатар, оны терең өңдейтін өндірістің іске қосылуы шаруалар үшін де, аудан экономикасы үшін де жаңа мүмкіндік.
Шикізаттан – дайын өнімге дейін
Жүгері зауытының басты артықшылығы – жергілікті жерде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімін шикізат күйінде ғана өткізбей, оны өңдеп, қосылған құны жоғары өнімге айналдыруға жол ашуы.
Яғни егістіктен алынған өнім бірден сыртқа жөнелтілетін шикізат емес, өңдеу өнеркәсібіне қажетті ресурсқа айналады. Бұл ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің өзара байланысын күшейтіп, аудан экономикасында жаңа өндірістік тізбектің қалыптасуына ықпал етеді.
Аудан әкімі Берік Сәрменбаев та жобаның осы ерекшелігіне тоқталып, зауыттың іске қосылуы ауыл шаруашылығын әртараптандыруға серпін беретінін атап өтті. Жергілікті өнімді терең өңдеу арқылы қосылған құны жоғары тауар өндірумен қатар, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік мол.
1200 тонна өнімді кептіру мүмкіндігі бар
Қазіргі таңда жобаның бірінші кезеңі аясында жүгері дәнін тазалау, кептіру және сақтау кешендері салынуда.
Кептіру кешенінің тәуліктік қуаты – 1200 тонна. Ал сақтау қоймалары бір мезетте 20 мың тонна жүгері қабылдай алады.
Бұл көрсеткіштердің өзі өндірістің ауқымын аңғартады. Әсіресе ауыл шаруашылығында өнімді жинап алғаннан кейін оны сапасын жоғалтпай сақтау мәселесі маңызды. Заманауи кептіру және сақтау инфрақұрылымының болуы шаруаларға өнімді бірден арзан бағамен өткізуге мәжбүр болмай, нарықтағы қолайлы кезеңді күтуге мүмкіндік береді.
Сонымен бірге тұрақты өткізу арнасының қалыптасуы шаруалардың жүгері егісіне деген қызығушылығын арттыруы ықтимал.
Аудан экономикасына жаңа серпін
Жаңа өндірістің экономикалық тиімділігі бірнеше бағыттан көрінеді. Біріншіден, ауыл шаруашылығы дақылдарының түрі көбейеді. Екіншіден, жергілікті шикізатты өңдеу арқылы аудан ішінде қосымша экономикалық құн қалыптасады. Үшіншіден, өндірістік нысанның айналасында тасымалдау, сақтау, қызмет көрсету секілді қосымша салалардың дамуына мүмкіндік туады.
Ең бастысы – жаңа жұмыс орындары ашылады. Бұл әсіресе ауылдық жерде еңбек нарығын жандандырып, жастардың тұрақты жұмыспен қамтылуына жол ашады.
Жобаның толық қуатында жұмыс істеуі үшін құрылыс сапасы мен мерзім тәртібінің сақталуы маңызды. Өйткені өндірістік нысанның тиімділігі тек оның салынуымен емес, уақытында іске қосылып, тұрақты жұмыс істеуімен өлшенеді.
Сырдариядағы жүгеріні терең өңдеу зауыты – осы тұрғыдан алғанда ауыл шаруашылығы мен өңдеу өнеркәсібін жалғайтын маңызды буын. Егер жоба жоспарланған қуатына шығып, жергілікті шаруалармен тұрақты өндірістік байланыс қалыптастырса, ауданның агроөнеркәсіптік әлеуетін арттырып қана қоймай, Сыр өңіріндегі егін шаруашылығын әртараптандырудың нақты нәтижесіне айналмақ.