Қызылорда облысында бәсекелестікті қорғау және дамыту бағытындағы жұмыстар биыл да жүйелі түрде жалғасып, нарықтағы әділ бәсекені қамтамасыз етуге, кәсіпкерлердің еркін жұмыс істеуіне кедергі келтіретін мәселелерді азайтуға басымдық берілді. 2026 жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан бірқатар нақты шара жүзеге асырылған. Атап айтқанда, есепті кезеңде 3 хабарлама және 21 нұсқама шығарылып, хабарламалардың барлығы толық орындалған, ал 19 нұсқама белгіленген мерзімде орындалған. Сонымен бірге 8 тауар нарығына талдау жүргізіліп, азаматтар мен кәсіпкерлерден түскен 35 өтініш қаралған. Нарықтарды зерделеу барысында метрологиялық жабдықтарды тексеру және тауарлық газды бөлшек саудада өткізу салаларында монополияға қарсы ден қою шаралары қабылданған. Бұл шаралар белгілі бір нарықтардағы бәсекелестік жағдайын бағалап қана қоймай, кәсіпкерлердің нарыққа кіруіне тосқауыл болатын әкімшілік және өзге де кедергілерді анықтап, оларды жоюға бағытталған. Департамент басшысы Дамир Тоқжановтың айтуынша, кәсіпкерлер көтерген мәселелерді шешуде Кедергілер жөніндегі кеңестің жұмысы маңызды рөл атқарады. Осы мақсатта 7 отырыс өткізіліп, 2020–2026 жылдар аралығында кәсіпкерлер тарапынан көтерілген 62 проблемалық мәселе қаралған. Оның ішінде биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, сараптамалық ұйымдардың қызметі, өлшеу құралдарын тексеру, сұйытылған мұнай газын тарату және мемлекеттік сатып алу салаларына қатысты 6 мәселе талқыланған. Кеңес алаңында көтерілген мәселелердің барлығы бірдей жергілікті деңгейде шешіле бермейді. Заңнамалық өзгерістерді талап ететін ұсыныстар уәкілетті органдарға жолданып, қажет болған жағдайда Ұлттық кедергілер картасына енгізіледі. Кеңес төрағасы Эрик Теңізбаевтың мәліметінше, қазіргі таңда ұлттық деңгейде шешуді қажет ететін 35 кедергі бар. Сонымен қатар Қызылорда облыстық кеңесі ұсынған 2 мәселе республикалық деңгейде қаралып, оларды шешу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бәсекелестікті қорғау саласындағы бұл көрсеткіштер өңірдегі кәсіпкерлік ортаны жетілдірудің маңызды бағыттарының бірі – нарыққа кіру мүмкіндігін кеңейту екенін көрсетеді. Әсіресе мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекет қатысатын заңды тұлғалардың қызметіне жүргізілген мониторинг барысында анықталған заң бұзушылықтарды жою жөніндегі нұсқамалардың берілуі нарықтағы тең жағдайды қалыптастырудың маңызын аңғартады. Жалпы, бәсекелестіктің дамуы кәсіпкерлердің ғана емес, тұтынушылардың да мүддесіне тікелей әсер етеді. Нарықтағы бәсекелестік неғұрлым жоғары болған сайын кәсіпкерлердің қызмет сапасын арттыруға, баға саясатын жетілдіруге және жаңа ұсыныстар енгізуге ынтасы күшейеді. Сондықтан Қызылорда облысында бәсекелестікке кедергі келтіретін мәселелерді анықтап, оларды жергілікті және республикалық деңгейде шешуге бағытталған жұмыстардың жалғасуы өңірдегі іскерлік ахуалды жақсартуға ықпал етпек.

БӨЛІСУ