Жастар – қоғамның қозғаушы күші, елдің ертеңін айқындайтын буын. Олардың бойындағы жігер мен арман, ізденіс пен талпыныс – мемлекеттің кемел келешегіне бастар маңызды күш. Осы орайда 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне арналған мерекелік шаралар Арал ауданында да мазмұнды жалғасын тапты.

Арал қаласында ұйымдастырылған «OPEN AIR» гала-концерті жастардың өнерін, шығармашылығын және жетістігін тоғыстырған ерекше кешке айналды. Ашық аспан астында өткен шарада ауданның өнерлі де өрелі жастары өз қабілеттерін ортаға салып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.

Кештің басты ерекшелігі – сахна төрінде жастардың өнері ғана емес, олардың қоғамдағы белсенділігі мен жетістіктерінің кеңінен дәріптелуі болды. Ән мен би, жыр мен әзіл, шығармашылық пен спорт бір арнаға тоғысып, Арал жастарының жан-жақты қырын танытты.

Сахнада ауданның әншілері мен бишілері, жайдарманшылары мен жас ақындары өнер көрсетіп, туған жерден түлеген таланттардың бар екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Әсіресе облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі додаларда Аралдың атын абыроймен танытып жүрген жастардың жетістіктері көпшілік назарына ұсынылды.

Бұл – бір ғана концерттің аясындағы өнер көрінісі емес, жастарға жасалып жатқан қолдаудың, олардың еңбегіне берілген бағалаудың көрінісі. Себебі бүгінгі жас – тек көрермен емес, қоғамдық өзгерістердің белсенді қатысушысы. Білімде озат, спортта жеңімпаз, мәдениетте дара, еріктілікте белсенді жастардың әр жетістігі туған жердің мерейін арттыра түседі.

Мерекелік шараға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев арнайы қатысып, аудан жастарын айтулы мерекемен құттықтады. Өз сөзінде жастар саясаты бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елдің келешегін қалыптастыратын жас буынға сәттілік пен толағай табыс тіледі.

Кеш барысында қоғамдық өмірге белсенді араласып, білім, мәдениет, спорт, еріктілік және шығармашылық бағыттарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүрген бірқатар жас марапатталды. Олардың әрқайсысы – өз ортасына үлгі, қатарластарына бағыт-бағдар берер азаматтар.

Жастар мерекесінің мазмұнын ұлттық өнермен сабақтастырған сәттердің бірі – қасиетті қара домбырасын серік еткен Бексұлтанның жырдан шашу шашуы болды. Домбыраның қоңыр үні мен жас ақынның жүрекжарды тілегі кешке ұлттық рух пен ерекше жылылық сыйлады.

Мерекелік кештің көркін қыздырған тағы бір дүние – сырттан арнайы келген өнерпаздардың өнері. Қызылорда қаласынан келген талантты әншілер Олжас пен Назым сырлы әндерімен көрермен ықыласына бөленді. Ал қазақ өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған әнші-сазгер, жерлесіміз Үкітай Ерниязов көпшілік сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, Арал аспанын әсем әуенге бөледі.

Жастар күніне арналған «OPEN AIR» кеші осылайша ән мен бидің ғана мерекесі емес, жас буынның мүмкіндігін танытқан, еңбегін бағалаған, арманын асқақтатқан рухани шара болды.

Ашық аспан астында өткен кеште Аралдың самал желіне жастардың жалынды үні араласып, өнердің өрісі кеңейді. Бір сахнада бас қосқан жас таланттардың өнері мен жетістігі олардың бойындағы жігердің, туған жерге деген сүйіспеншіліктің және болашаққа деген сенімнің жарқын көрінісіндей әсер қалдырды.

Аралдың бүгінгі жастары – ауданның ертеңгі келбеті. Олардың әрбір жетістігі – туған жердің жетістігі. Сондықтан жастарға мүмкіндік беру, олардың бастамасына қолдау көрсету, талантын танытуға жол ашу – уақыт талабынан туындаған маңызды міндет. Ал мұндай мазмұнды шаралар сол мүмкіндіктердің кеңейіп келе жатқанын көрсетеді.

БӨЛІСУ