Цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің түпкі мақсаты – азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, халық үшін барынша қолайлы жағдай қалыптастыру. Бұл бағыттағы жұмыстар бүгінде мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың негізгі басымдықтарының біріне айналып отыр.

Бүгін Үкімет отырысынан кейін облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте «Жасанды интеллект негізіндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің экожүйесі туралы» мәселе қаралды. Жиында мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану, азаматтардың уақытын үнемдеу және қызмет алу барысындағы артық әкімшілік рәсімдерді азайту мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Облыс әкімінің мәжіліс барысында берген тапсырмаларына сәйкес, қала әкімдігінде шаһар басшысы Нұржан Ахатовтың төрағалығымен жиын өтіп, тиісті сала жетекшілеріне нақты міндеттер жүктелді. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мемлекеттік қызмет көрсету сапасы, цифрлық жүйелердің тиімділігі, заң талаптарының сақталуы және қызмет көрсету мерзімдерінің орындалуы жан-жақты талқыланды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен 2026 жыл – Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғаны белгілі. Бұл – еліміздің цифрлық трансформациясын жеделдетуге, жасанды интеллект технологияларын экономика мен әлеуметтік саланың барлық бағыттарына кеңінен енгізуге, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеруге бағытталған маңызды қадам.

Бүгінде цифрландыру мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдететін құрал ғана емес, халықпен қарым-қатынастың жаңа форматын қалыптастыратын маңызды тетікке айналып келеді. Мемлекеттік қызметтердің электронды форматқа көшуі азаматтардың уақытын үнемдеп, құжат айналымын азайтуға, қызмет алу барысын ашық әрі қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін мемлекеттік қызметтерді цифрландыруға қатысты «Әрбір жаңа мемлекеттік қызмет көрсету ең әуелі цифрлық форматта жасақталуға тиіс» деген ұстанымын білдірген болатын. Бұл талап мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін заманауи технологиялармен ұштастырып, азаматтардың мемлекеттік органдармен байланысын барынша жеңілдетуді көздейді.

Осыған сәйкес, Үкімет тарапынан мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін жаңа деңгейге көтеру, қызмет көрсету мерзімдерін қысқарту, азаматтардың өтініштерін қарау сапасын арттыру, кері байланысты күшейту және жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану бойынша нақты міндеттер қойылып отыр.

Қала әкімі Нұржан Ахатов жиында бұл жұмыстардың негізгі мақсаты тек жаңа технологияларды енгізу емес, ең алдымен азаматқа сапалы әрі заң талаптарына сай қызмет көрсету екенін атап өтті.

«Жұмыстар тек цифрландырумен немесе жасанды интеллектіні енгізумен ғана шектелмеуі тиіс. Ең алдымен мемлекеттік қызмет көрсету кезінде заң талаптарының қатаң және мүлтіксіз сақталуы қамтамасыз етілуі қажет. Егер мемлекеттік қызмет көрсету барысында қарапайым рәсімдердің өзі сақталмаса, онда цифрландырудың да, жасанды интеллектінің де, басқа да жаңа технологиялардың тиімділігі толық нәтиже бермейді. Сондықтан әрбір басшы мемлекеттік қызмет көрсету сапасын, заң талаптарының сақталуын және қызмет көрсету мерзімдерін жеке бақылауына алуы қажет», – деді Нұржан Сәбитұлы.

Шаһар басшысы жауапты сала жетекшілеріне мемлекеттік қызмет көрсетудің әрбір кезеңіне жауапкершілікпен қарауды тапсырды. Әсіресе, азаматтардың өтініштерін белгіленген мерзімде қарау, заң талаптарын сақтау, негізсіз бас тартуға жол бермеу, халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейту және кері байланысты тиімді ұйымдастыру қажеттігі айтылды.

Мемлекеттік қызметтің сапасы – тұрғындардың мемлекеттік органдардың жұмысына деген сеніміне тікелей әсер ететін маңызды көрсеткіш. Сондықтан қызмет алушының мәселесін уақытылы шешу, оған нақты әрі түсінікті ақпарат беру, құжаттарды қабылдау мен қарау кезінде артық әуре-сарсаңға салмау – мемлекеттік қызметшілердің басты міндеттерінің бірі.

Жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару жүйесіне енгізу осы процестерді одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді. Алайда жаңа технология адам факторын толық алмастыратын құрал емес, керісінше мемлекеттік қызметшінің жұмысын тиімді ұйымдастыруға, ақпаратты жылдам өңдеуге, азаматтардың сұраныстарын жедел саралауға және шешім қабылдау сапасын арттыруға мүмкіндік беретін қосымша тетік ретінде қарастырылуы тиіс.

Бұл ретте цифрлық жүйелердің тұрақты жұмыс істеуімен қатар, оларды пайдаланатын мамандардың біліктілігін арттыру да маңызды. Қызметкерлер жаңа технологияларды меңгеріп қана қоймай, мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы заңнамалық талаптарды да жетік білуі қажет.

Жиын барысында мемлекеттік қызмет көрсету саласындағы өзге де мәселелер талқыланып, жауапты сала басшыларына тиісті тапсырмалар берілді. Берілген тапсырмалардың орындалуы бақылауға алынды.

Жалпы, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізудің негізгі нәтижесі технологияның қаншалықты заманауи екенімен емес, оның халыққа қаншалықты нақты пайда әкелгенімен өлшенбек. Яғни басты көрсеткіш – азаматтың уақытын үнемдеу, мәселесін жедел шешу, мемлекеттік қызметтің қолжетімділігін арттыру және ең бастысы, сапалы қызмет көрсету.

Сондықтан алдағы кезеңдегі негізгі міндет – цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана отырып, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жаңа деңгейге көтеру, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету және тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайту.

БӨЛІСУ