Құқықтық мемлекет құрудың басты қағидаларының бірі – заңның үстемдігін қамтамасыз ету және әрбір азаматтың құқықтық мәдениетін қалыптастыру. Бұл міндет тек құқық қорғау органдарының ғана емес, мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың және қоғамның ортақ жауапкершілігі саналады. Осы тұрғыдан алғанда, Сырдария ауданында өткен құқықтық-оқу семинары мемлекеттік қызметкерлердің заңнамалық өзгерістерді терең меңгеруіне және құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған маңызды іс-шара болды.
Аудан әкімдігі аппаратының мемлекеттік-құқықтық жұмыстар бөлімі ұйымдастырған семинар Қазақстан Республикасының жаңадан қабылданған Конституциясының қолданысқа енуіне байланысты заңнамаларға енгізілген өзгерістерді түсіндіруге және Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатының аудандағы жүзеге асырылу барысын талқылауға арналды. Семинарға кент және ауылдық округ әкімдіктерінің, дербес бөлімдердің және аудан әкімі аппаратының жауапты қызметкерлері қатысты.
Жиында бірнеше маңызды мәселе көтерілді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру тетіктері, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілген өзгерістер, сондай-ақ Конституциялық реформалар аясындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың жаңашылдықтары жан-жақты түсіндірілді. Бұл өзгерістер мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігін күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
Семинар барысында заңнамалық өзгерістерді түсіндірумен қатар, құқық бұзушылықтардың алдын алу, заң талаптарын бұлжытпай сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Ақпараттар слайдтар мен бейнематериалдар арқылы түсіндіріліп, қатысушыларға өзгерістердің практикалық маңызы кеңінен көрсетілді.
Мұндай кездесулердің тағы бір артықшылығы – кері байланыстың қалыптасуы. Семинарға қатысушылар өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша сұрақтар қойып, заңнама талаптарына сәйкес нақты жауаптар алды. Бұл мемлекеттік қызметшілердің күнделікті жұмысында заң талаптарын дұрыс қолдануына және құқықтық қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі қабылданатын шешімдердің заң талаптарына сәйкестігімен тікелей өлшенеді. Сондықтан құқықтық оқыту семинарлары кәсіби біліктілікті арттырудың ғана емес, мемлекеттік қызмет сапасын жақсартудың да маңызды құралына айналып отыр. Әсіресе Конституциялық реформалар кезеңінде заңнаманың жиі жаңаруы мемлекеттік қызметкерлерден жоғары құқықтық дайындықты талап етеді.
Семинар қорытындысында қолданыстағы заңнамаларды қатаң сақтау, заңдылықтың бұзылуына жол бермеу және құқықтық ағарту жұмыстарын тұрақты жалғастыру қажеттігі атап өтілді. Бұл – қоғамда заң үстемдігін орнықтыруға, мемлекеттік органдарға деген сенімді арттыруға және құқықтық мәдениеті жоғары азаматтық қоғам қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы.
Заң талаптарын білу – әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсіби міндеті ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілігі. Ал осындай құқықтық семинарлар сол жауапкершілікті нығайтып, «Заң мен тәртіп» қағидатының өмірде нақты жүзеге асуына қызмет етеді.