Жаңа оқу жылы жақындаған сайын мыңдаған отбасы үшін мектепке дайындық мәселесі өзекті бола түседі. Әсіресе көпбалалы, аз қамтылған және әлеуметтік осал санаттағы отбасылар үшін мектеп формасы, оқу құралдары мен басқа да қажетті жабдықтарды сатып алу елеулі қаржылық жүктеме әкеледі. Осындай жағдайда жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы көптеген балаға жаңа оқу жылын еш қиындықсыз бастауға мүмкіндік беретін маңызды әлеуметтік бастамаға айналып келеді.

Биылғы акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өтуде. Оның басты мақсаты – әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жаңа оқу жылына қажетті көмек көрсету және әлеуметтік себептермен балалардың мектептен тыс қалуына жол бермеу.

Қызылорда облысында акция аясында арнайы өңірлік іс-шаралар жоспары бекітіліп, жан-жақты жұмыстар қолға алынған. Бұл тек материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Түрлі себептермен балалардың мектепке бармай қалуының алдын алу үшін «Жұмыспен қамту» және «Түнгі қаладағы балалар» тақырыптарында профилактикалық рейдтер ұйымдастырылып, тәуекел тобындағы отбасылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Мұндай шаралар әлеуметтік мәселелерді ерте анықтап, балалардың білім алу құқығын қорғауға бағытталған.

Сонымен қатар білім беру ұйымдарында «Балаға мейірім сыйла!», «Ауыл балаларына – мектепке сыйлықтар», «Отбасы отбасыға көмек көрсетеді: Балаларды мектепке дайындаймыз!» атты қайырымдылық іс-шаралары өтеді. Бұл бастамалар қоғамдағы өзара қолдау мен жанашырлық мәдениетін нығайтып, қайырымдылықтың тек қаржылай көмек емес, әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі екенін айқындайды.

Бүгінде білімге қолжетімділік – әрбір баланың заңмен қорғалған құқығы. Алайда бұл құқықтың толық жүзеге асуы мемлекетпен қатар қоғамның да белсенді қолдауына байланысты. Кәсіпкерлердің, үкіметтік емес ұйымдардың, еріктілердің және қарапайым азаматтардың акцияға қатысуы көптеген отбасы үшін үлкен демеу болмақ.

«Мектепке жол» акциясының басты құндылығы – бір реттік көмек көрсетуде емес, балалардың болашағына инвестиция салуда. Себебі мектеп табалдырығын сеніммен аттаған әрбір оқушының сапалы білім алып, толыққанды азамат болып қалыптасуына қоғам болып жағдай жасау – ортақ міндет.

Сондықтан жаңа оқу жылы қарсаңындағы бұл игі бастама әрбір азаматты қайырымдылыққа үндейтін, қоғамдағы бірлік пен жауапкершілікті нығайтатын маңызды әлеуметтік жоба болып қала береді. Бір баланың қуанышы – тұтас қоғамның қуанышы. Ал сол қуанышқа үлес қосу – әрқайсымыздың қолымыздан келетін ізгі іс.

БӨЛІСУ