ЦИФРЛЫҚ ИНФРАҚҰРЫЛЫМ – ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗІ

Бүгінде сапалы интернет пен тұрақты ұялы байланыс – жай ғана байланыс құралы емес, экономиканың, білімнің, денсаулық сақтаудың және мемлекеттік қызметтердің тиімді жұмыс істеуінің негізгі инфрақұрылымына айналды. Сондықтан өңірлердегі цифрлық инфрақұрылымды дамыту мәселесі мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып отыр. Осы тұрғыда Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиевтің Жалағаш ауданына жұмыс сапары ерекше маңызға ие.

Жұмыс сапары барысында вице-министр Еңбек ауылдық округінде болып, байланыс сапасын жақсарту бағытында жүзеге асқан жобалармен танысты. Бүгінде ауылда Kcell/Active және Tele2/Altel операторларының базалық станциялары жұмыс істейді. Биыл Active операторының базалық станция жабдықтары мен үздіксіз қоректендіру жүйесінің жаңартылуы байланыс сапасының жақсаруына мүмкіндік берген. Мұндай жаңғырту жұмыстары тұрғындардың күнделікті тұрмысына ғана емес, мемлекеттік қызметтерді пайдалану, онлайн білім алу және цифрлық сервистерге қолжетімділік деңгейіне де оң әсер етеді.

Кездесу барысында аудан әкімі Ардақ Ибраимов ауданның цифрлық инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы міндеттерді таныстырды. Қазіргі таңда Жалағаш ауданында Beeline, Kcell/Active және Tele2/Altel байланыс операторлары қызмет көрсетеді. Жоғары жылдамдықты мобильді интернет аудан орталығы мен барлық 12 ауылдық округті қамтып отыр. Бұл – ауыл мен қала арасындағы цифрлық алшақтықты азайту жолындағы маңызды нәтиже.

Соңғы жылдары ауданның байланыс желісі кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. 2024 жылы Ақсу ауылында Kcell/Active операторының 4G желісі іске қосылса, 2025 жылы Бұқарбай батыр ауылында Beeline байланыс станциясы пайдалануға берілді. Ал биыл Жаңаталап ауылында жаңа Beeline базалық станциясын орнату жоспарланып отыр. Мұндай жобалар ауыл тұрғындарының сапалы интернетке қолжетімділігін арттырып қана қоймай, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану, қашықтан оқу, онлайн кәсіп жүргізу және цифрлық экономиканы дамытуға мүмкіндік береді.

Бүгінде цифрлық инфрақұрылымның сапасы өңірдің инвестициялық тартымдылығына да тікелей ықпал етеді. Сенімді байланыс желісі кәсіпкерліктің дамуына, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді болуына және жаңа технологиялардың енгізілуіне жол ашады. Сондықтан байланыс сапасын жақсарту тек техникалық мәселе емес, өңірдің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды факторы саналады.

Жұмыс сапары барысында байланыс сапасын одан әрі арттыру, интернеттің қолжетімділігін кеңейту және тұрғындарды сапалы цифрлық қызметпен қамтамасыз ету бағытындағы алдағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Бұл бастамалардың жүйелі жүзеге асуы Жалағаш ауданының цифрлық даму деңгейін жаңа сатыға көтеріп, ауыл тұрғындарының өмір сапасын жақсартуға елеулі үлес қоспақ.

БӨЛІСУ