Қай қоғамның да дамуы ең алдымен білімді ұрпақтың қалыптасуына байланысты. Сондықтан бүгінгі таңда білім беру жүйесіне қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Әңгіме тек мектеп санын көбейту немесе жаңа ғимараттар салу туралы емес. Ең бастысы – сол білім ошақтарында берілетін білімнің сапасы, мұғалімнің кәсіби деңгейі, басқару тиімділігі және мемлекеттік стандарттардың сақталуы. Осы тұрғыдан алғанда білім сапасын тәуелсіз бағалау мен бақылау жүйесінің рөлі артып келеді. Бұл бағытта Қызылорда облысының білім сапасын қамтамасыз ету департаменті жыл басынан бері бірқатар маңызды жұмыстарды жүзеге асырды.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында департамент басшысы Мәди Бекмағанбетов 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында атқарылған жұмыстарға тоқталып, білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіруге бағытталған негізгі нәтижелерді жариялады.
Бүгінде білім саласындағы бақылау бұрынғыдай тек заң бұзушылықтарды анықтаумен шектелмейді. Оның басты мақсаты – білім беру ұйымдарының әлеуетін бағалау, кемшіліктерді дер кезінде анықтап, оларды түзетуге мүмкіндік беру. Бұл – әлемдік тәжірибеде қалыптасқан сапа менеджментінің негізгі қағидаларының бірі.
Есепті кезеңде «Е-лицензиялау» ақпараттық жүйесі арқылы білім беру ұйымдарынан 34 өтініш түскен. Оның 26-сы лицензия және лицензияға қосымша алуға, 8-і қайта рәсімдеуге қатысты болды. Нәтижесінде 24 өтініш қанағаттандырылып, 8 лицензия қайта рәсімделді. Сонымен бірге бес маусымдық лагерь алғаш рет лицензия алып, заң талаптарына сәйкес жұмыс істеуге мүмкіндік алды.
Лицензиялау рәсімі – формальды талап емес. Бұл білім беру ұйымының кадрлық құрамы, материалдық-техникалық базасы, оқу бағдарламалары мен қауіпсіздік талаптарының мемлекеттік стандарттарға сәйкестігін айқындайтын маңызды сүзгі. Сондықтан лицензия алу арқылы ұйымдардың білім беру қызметінің сапасына деген жауапкершілігі де арта түседі.
Білім туралы құжаттарды халықаралық деңгейде тануға мүмкіндік беретін апостильдеу қызметі де сұранысқа ие мемлекеттік қызметтердің бірі болып отыр. Алты ай ішінде бұл бағытта 48 өтініш қабылданып, 38 құжатқа апостиль қойылған. Бұл жастардың шетелде білім алуына немесе еңбек қызметін жалғастыруына құқықтық мүмкіндік береді.
Білім сапасын бағалаудың ең маңызды құралдарының бірі – мемлекеттік аттестаттау. Биыл қаңтар айында өңірдегі 13 мектепке дейінгі білім беру ұйымы аттестаттаудан өтті. Соның ішінде төртеуі ғана барлық талаптарға толық сәйкес деп танылды. Мамыр айынан бастап жаңа форматтағы мемлекеттік аттестаттау енгізіліп, 22 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым қамтылды. Оның 9-ы талаптарға толық сәйкес келсе, 13 ұйымға анықталған кемшіліктерді жою үшін заңнамаға сәйкес үш айға дейін уақыт берілді.
Бұл деректерден білім беру ұйымдарына қойылатын талаптардың күшейгенін байқауға болады. Сонымен қатар мемлекеттік аттестаттаудың мақсаты мекемені жабу немесе жазалау емес, оның жұмысын жетілдіруге жағдай жасау екені көрінеді. Кемшіліктерді түзетуге уақыт берілуі – осының дәлелі.
Департамент білім беру ұйымдарымен ғана шектелмей, білім беруді басқару органдарының жұмысына да бақылау жүргізді. Жыл басынан бері екі аудандық білім бөліміне жоспарлы мемлекеттік бақылау ұйымдастырылды. Бұл басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.
Оқушылардың нақты білім деңгейін анықтау үшін 30 сәуір мен 20 мамыр аралығында облыстың 88 жалпы білім беретін мектебінде білім алушылардың білім жетістіктеріне мониторинг жүргізілді. Зерттеуге 5710 оқушы қатысты. Мониторинг жұмыстарына департамент мамандары министрліктің уәкілетті өкілдері ретінде қатысып, бағалау рәсімдерінің ашық әрі объективті өтуіне бақылау жасады.
Мұндай мониторингтердің басты ерекшелігі – олар мектептердің рейтингісін жасау үшін емес, білім сапасының нақты деңгейін анықтап, жүйелі мәселелерді айқындауға бағытталған. Нәтижесінде оқу бағдарламаларын жетілдіру, мұғалімдердің біліктілігін арттыру және әдістемелік қолдау көрсету бойынша нақты шешімдер қабылданады.
Сонымен бірге жыл басынан бері 23 жалпы орта білім беру ұйымында мектепішілік бақылау жүйесіне мониторинг жүргізілді. Бұл білім ұйымдарының өз ішінде сапаны басқару тетіктерінің қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін анықтауға мүмкіндік береді.
Баспасөз конференциясында департамент басшысы Мәди Бекмағанбетов білім сапасын қамтамасыз ету саласындағы негізгі ұстанымды ерекше атап өтті.
– Білім сапасын қамтамасыз ету тек бақылау жүргізумен шектелмейді. Басты мақсатымыз – анықталған кемшіліктерді дер кезінде көрсетіп, оларды жоюға ықпал ету арқылы сапалы білім беруге жағдай жасау. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жалғасады, – деді ол.
Қазіргі кезеңде елдің экономикалық қуаты табиғи ресурстармен ғана емес, адами капиталының сапасымен өлшенеді. Ал адами капиталдың негізі – сапалы білім. Сондықтан білім сапасын бағалау мен бақылаудың тиімді жүйесін қалыптастыру – тек бір саланың емес, тұтас мемлекеттің стратегиялық міндеті.
Қызылорда облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар осы бағыттағы жүйелі өзгерістердің жалғасып жатқанын көрсетеді. Ең бастысы, білім сапасын бағалау бүгінгі күні жазалау тетігінен гөрі дамыту құралына айналып келеді. Бұл өз кезегінде мектептердің жауапкершілігін арттырып, педагогтердің кәсіби дамуына серпін береді және ең маңыздысы – өңірдегі әрбір баланың сапалы білім алуына мүмкіндік жасайды. Білім сапасына қойылатын талаптың күшеюі – болашаққа салынған ең тиімді инвестиция. Себебі бүгінгі сапалы білім – ертеңгі бәсекеге қабілетті ұлттың кепілі.

