АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ НЕГІЗГІ ТІРЕГІ

Қызылорда облысында экономиканы әртараптандырудың басты бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығын заманауи талаптарға сай дамыту. Соңғы жылдары егін және мал шаруашылығында өнім көлемін арттырумен қатар, асылтұқымды мал өсіру, су үнемдеу технологияларын енгізу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу және экспорттық әлеуетті күшейтуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыстар ауылдағы еңбек өнімділігін арттырып, тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негіз болып отыр.

Осы мақсаттағы жұмыстармен танысу үшін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Жаңақорған ауданына жұмыс сапары барысында «Бекарыс-Агрофуд» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметімен танысты. Бүгінде серіктестік өңірдегі мал және егін шаруашылығын қатар дамытып отырған іргелі шаруашылықтардың бірі саналады.

Шаруашылықта қазіргі таңда 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Мұнда 1000 басқа арналған заманауи бордақылау алаңы мен тәулігіне 10 бас мал соятын арнайы пункт жұмыс істейді. Бұл өндірістік тізбекті толық ұйымдастыруға және өнімнің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда серіктестікте 864 бас ірі қара, 300 бас жылқы, 4077 бас қой, 211 бас түйе және 668 бас асылтұқымды ірі қара өсірілуде. Әсіресе асылтұқымды мал басын көбейту жұмыстары өнім сапасын жақсартып, мал шаруашылығының тиімділігін арттыруға ықпал етуде. Мамандардың айтуынша, генетикалық әлеуеті жоғары мал өсіру – саланың ұзақ мерзімді дамуының негізгі кепілі.

Шаруашылықтың иелігінде 1500 гектар жайылымдық және 300 гектар суармалы жер бар. Биыл мұнда 67 гектарға күріш, 50 гектарға күздік бидай және 50 гектарға жоңышқа егілген. Бұл – егін құрылымын әртараптандыру арқылы жердің өнімділігін сақтауға және мал азығы қорын нығайтуға бағытталған жұмыстардың нәтижесі.

Облыс әкімі шаруашылықтың өндірістік әлеуетімен танысып, сала басшыларына ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдау тетіктерін ұтымды пайдалану, асылтұқымды мал басын көбейту және инвестициялық жобаларды кеңейту бағытында нақты тапсырмалар жүктеді.

Жаңақорған ауданы бүгінде Қызылорда облысындағы ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Ауданның табиғи ерекшелігі мен қалыптасқан еңбек тәжірибесі егін және мал шаруашылығын қатар дамытуға мүмкіндік беріп отыр. Биыл аудан диқандары 36 мың 77 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырса, оның 6756 гектарына күріш егілді.

Соңғы жылдары өңірде су ресурстарын тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған байланысты егіс алқаптарын әртараптандыру саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл күріш көлемі 600 гектарға қысқартылып, оның орнына су үнемдеу технологияларын қолдану арқылы 2370 гектар жерге өзге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл бір жағынан Сырдария суына түсетін жүктемені азайтса, екінші жағынан шаруалардың тәуекелін төмендетіп, өнім құрылымын әртараптандыруға мүмкіндік береді.

Ауыл шаруашылығындағы оң өзгерістер өндіріс көлемінен де байқалады. Жыл басынан бері ауданда өндірілген жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 7 миллиард 427 миллион теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 105,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш саладағы тұрақты өсімнің сақталғанын аңғартады.

Мал шаруашылығы да аудан экономикасының негізгі драйверлерінің бірі болып қалыптасып келеді. Биылғы жылдың өзінде 4236,5 тонна ет, 3769,6 тонна сүт және 917,1 мың дана жұмыртқа өндірілді. Бұл көрсеткіштер өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып отыр.

Қазіргі таңда Жаңақорған ауданында 75 мыңнан астам ірі қара, 286 мыңнан астам қой-ешкі, 29 мыңнан астам жылқы, 2098 түйе және 18 мыңнан астам құс өсіріледі. Мал басының тұрақты өсуі мемлекеттік қолдау шараларының, селекциялық жұмыстардың және шаруалардың тәжірибесінің нәтижесі екені анық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы ел экономикасының жаңа өсу нүктесіне айналуы тиіс екенін бірнеше рет атап өткен болатын. Бұл міндетті орындауда ауылдағы өндірісті жаңғырту, су ресурстарын тиімді пайдалану, заманауи технологияларды енгізу және өнімді терең өңдеу айрықша маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда «Бекарыс-Агрофуд» серіктестігінің тәжірибесі мен Жаңақорған ауданындағы ауыл шаруашылығының бүгінгі дамуы өңірдің аграрлық әлеуетінің жылдан-жылға артып келе жатқанын көрсетеді.

Ауыл шаруашылығы – тек азық-түлік өндіретін сала ғана емес. Ол ауыл халқының әл-ауқатын арттыратын, жаңа жұмыс орындарын ашатын, өңдеу өнеркәсібінің дамуына жол ашатын және өңір экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз ететін маңызды сектор. Сондықтан Жаңақорғандағы әрбір табысты шаруашылықтың дамуы – бүкіл Қызылорда облысының аграрлық әлеуетін күшейтетін маңызды қадам.

БӨЛІСУ