ОТАНДЫҚ ӨНІМДІ ҚОЛДАУ – ӨҢІР ЭКОНОМИКАСЫН ДАМЫТУДЫҢ НЕГІЗГІ БАҒЫТЫ

Отандық тауар өндірушілерді қолдау, жергілікті кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ішкі нарықтағы қазақстандық өнім үлесін көбейту – бүгінгі экономикалық саясаттың маңызды бағыттарының бірі. Бұл мәселе ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында кеңінен талқыланды. Жиынға Қызылорда облысының әкімі Мұрат Ергешбаев селекторлық режим арқылы қатысты.

Үкімет отырысынан кейін өткен облыстық мәжілісте өңір басшысы қабылданған шешімдерді нақты іске асыру, аймақта жүзеге асырылып жатқан ірі инфрақұрылымдық және инвестициялық жобалардың сапасын қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.

Қызылорда облысы үшін соңғы күндері бастау алған ауқымды жол құрылыстарының маңызы зор. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолдарының құрылысы басталды. Бұл жобалар өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, Қызылорда облысын еліміздің батыс және орталық аймақтарымен байланыстыратын маңызды экономикалық дәліз қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Жол сапасының жақсаруы – жүк тасымалының жылдамдауына, кәсіпкерлік белсенділіктің артуына және елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі. Әсіресе, өндірілген өнімді ішкі нарыққа жедел жеткізу, тасымал шығындарын азайту және жаңа сауда байланыстарын қалыптастыру тұрғысынан бұл жобалардың тиімділігі жоғары болмақ.

«Күні кеше Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының қатысуымен еліміз үшін ең маңызды жобалардың бірі – «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдарының құрылысы бастау алды. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын тиісті деңгейде орындап, жобаларды белгіленген мерзімде ел игілігіне табыстауымыз керек. Сондықтан жол саласына жетекшілік ететін сала басшылары жұмысты қатаң бақылаңыздар», – деді облыс әкімі.

Өңірде жол инфрақұрылымымен қатар, Қызылорда қаласының сәулеттік келбетін жаңғыртуға және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған бірқатар ірі жоба жүзеге асырылуда. 1–2 тамыз күндері облысқа жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Президент саябағы аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің, жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананың, «Қызылорда Арена» спорт кешенінің, Титов шағын ауданы мен қаланың сол жағалауындағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты.

Бұл жобалар Қызылорданың әлеуметтік инфрақұрылымын кеңейтіп, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау салаларының мүмкіндігін арттыруға бағытталған. Алайда ірі құрылыстардың тиімділігі тек нысанды пайдалануға берумен өлшенбейді. Құрылыс сапасы, белгіленген мерзімнің сақталуы және жобалардың халық игілігіне қызмет етуі – басты талап.

Осыған байланысты облыс әкімі жауапты басқармалар мен Қызылорда қаласының әкімдігіне құрылыс жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстап, инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеуді тапсырды.

Өңір экономикасын әртараптандыруда өндіріс саласының орны ерекше. Премьер-министрдің бірінші орынбасары «Tau Group» серіктестігінің өндірістік алаңында болып, жаңа инвестициялық жобалармен танысты. Мұндай бастамалар өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, жұмыс орындарын көбейтуге және жергілікті шикізатты тиімді игеруге мүмкіндік береді.

Отандық тауарларды қолдау мәселесі де осы бағыттағы жұмыстармен тікелей байланысты. Өнім өндірумен қатар, оны ішкі нарыққа шығару, өткізу тетіктерін жетілдіру және тұтынушылар арасында қазақстандық тауарларға сұранысты арттыру маңызды.

Соңғы жылдары өңірде өңдеу өнеркәсібі, сауда және ауыл шаруашылығы салаларына жүйелі мемлекеттік қолдау көрсетіліп келеді. 2025–2026 жылдары өңдеу өнеркәсібі мен сауда саласына 32 млрд теңге, ал ауыл шаруашылығына 60 млрд теңге қаралған. Бұл қаржы өндірісті жаңғыртуға, кәсіпкерлік жобаларды іске асыруға, ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталуда.

«Бұдан бөлек, жыл сайын «Даму» қоры отандық кәсіпкерлерді қолдауға қомақты қаржы бөледі. Бизнеске берілген қаржы мақсатты жұмсалып, салық базасын ұлғайтуға, тұрақты жұмыс орындарын ашуға оң ықпалын тигізуі қажет. Қолдауға ие болған сауда субъектілері заңнамаға сәйкес сауда нысандарындағы сөре кеңістігінің кемінде 50 пайызын отандық тауарлармен толықтыруы тиіс. «Даму» қоры, бұл бағыттағы жұмысты толық зерделеңіздер», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Бұл талаптың маңызы зор. Мемлекеттік қолдау алған кәсіпкерлердің отандық өнімді өткізуге нақты үлес қосуы – бөлінген қаржының экономикалық қайтарымын арттырудың бір жолы. Сауда орындарындағы сөрелерден жергілікті және қазақстандық өнімдердің көбірек орын алуы өндірушілерге тұрақты нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігі тек сапасы мен бағасына ғана емес, оның қолжетімділігіне де байланысты. Өнім өндірілгенімен, оны тұтынушыға жеткізудің тиімді тетігі болмаса, кәсіпорынның дамуы тежелуі мүмкін. Сондықтан мәжілісте отандық тауар өндірушілердің өнімдерін кедергісіз өткізу, ішкі нарықтағы сауда мүмкіндіктерін кеңейту және онлайн платформалар арқылы сатуды жандандыру мәселелері де қаралды.

Цифрлық сауданың дамуы жергілікті кәсіпкерлер үшін жаңа мүмкіндік ашып отыр. Онлайн платформалар арқылы өнімді тек өңір көлемінде емес, еліміздің өзге аймақтарына да ұсынуға болады. Бұл әсіресе шағын және орта бизнес субъектілерінің нарығын кеңейтіп, өнім көлемін арттыруына ықпал етеді.

Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Халықтың күнделікті тұтынатын азық-түлік өнімдерінің қолжетімді болуы – әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды көрсеткіші. Бұл бағытта жергілікті өндірісті дамыту, өнімді делдалсыз өткізу және тұрақтандыру тетіктерін тиімді пайдалану өзекті.

Жалпы, өңірде жүзеге асырылып жатқан жол құрылысы, әлеуметтік нысандар, өндірістік жобалар мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары өзара сабақтас. Жаңа жолдар логистикалық мүмкіндікті кеңейтсе, инвестициялық жобалар өндіріс көлемін арттырады. Ал отандық өнімге басымдық беру кәсіпорындардың тұрақты жұмыс істеуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол ашады.

Сондықтан мемлекеттік қолдаудың нәтижесі тек бөлінген қаржы көлемімен емес, нақты экономикалық көрсеткіштермен – өндіріс көлемінің өсуі, салық түсімдерінің артуы, тұрақты жұмыс орындарының ашылуы және отандық өнімнің нарықтағы үлесінің көбеюімен бағалануы тиіс.

Қызылорда облысында қолға алынған ауқымды жобалар өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттырумен қатар, жергілікті экономиканы дамытуға, кәсіпкерлікті қолдауға және халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Ендігі басты міндет – жоспарланған бастамаларды сапалы әрі белгіленген мерзімде жүзеге асырып, мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін қамтамасыз ету.

БӨЛІСУ