ЕҢБЕК АУЫЛЫНДА ОБЛЫСТЫҚ ОТБАСЫ ФОРУМЫ ӨТТІ

Еңбек ауылдық округінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу және отбасы институтын нығайту мақсатында «Отбасылық құндылықтар – ұлт болашағының негізі» атты облыстық форум ұйымдастырылды.

Тағылымды шараға аудан әкімінің орынбасары Ғани Сүлейменов қатысып, отбасы құндылықтарының қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

– Отбасы – қоғамның алтын діңгегі, ал ұлттық құндылықтар – халқымыздың рухани тірегі. Бүгінгі басқосу отбасы институтын нығайтуға, ұлттық тәрбиені дәріптеуге және ұрпақ сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды алаң. Осындай тағылымды форумның өнегелі, бірлігі жарасқан, «Үлгілі ауыл» атанған Еңбек ауылында өтуінің өзіндік мәні бар, – деді аудан әкімінің орынбасары.

Форум барысында отбасы институтын нығайту, кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, құқық бұзушылықтың алдын алу, ұлттық тәрбие мен рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Қатысушылар отбасы тәрбиесінің бала тұлғасының қалыптасуындағы рөліне, ұрпақтар сабақтастығын сақтаудың маңыздылығына және ұлттық құндылықтарды жас буынның бойына сіңіру мәселелеріне назар аударды.

Шара барысында қоғамның дамуына, отбасы құндылықтарын насихаттауға және ел бірлігін нығайтуға үлес қосқан азаматтар марапатталды. Атап айтқанда, 18 баланы дүниеге әкелген батыр ана Фатима Нұрмағанбетоваға «Қызылорда облысының Құрметті ардагері» төсбелгісі табысталды. Ал ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мәлік Сүлейменов «Жалағаш ауданының Құрметті ардагері» төсбелгісімен марапатталды.

Сонымен қатар, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысып жүрген бірқатар азаматқа аудан әкімінің Алғыс хаты берілді.

Облыстық форум аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен қорытындыланды.

БӨЛІСУ