Қызылорда қаласында көлік қозғалысын жеңілдету, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту бағытындағы ауқымды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соңғы жылдары қалада жаңа көшелер салынып, негізгі магистральдар кеңейтіліп, инженерлік желілер жаңартылып, заманауи жол инфрақұрылымы қалыптасуда. Бұл жұмыстар облыс орталығының қарқынды дамуына серпін беріп, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.

Осы жұмыстардың бірі – «Назарбаев даңғылын, А. Иманов, Бозғұл-1, Наурыз және Ш. Есенов көшелерін қайта жаңғырту» жобасы. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

Жоба аясында аталған көшелердің жол жабыны толық жаңартылып, көлік қозғалысына қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалуда. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым жаңғыртылып, жолдың негізі күшейтіліп, заманауи талаптарға сай қайта салынуда.

Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «УАД» мердігер мекемесінің мәліметінше, жоба белгіленген мерзімнен бұрын аяқталып, пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

Жолдардың сапалы болуы – көлік қозғалысының жылдамдығын арттырып қана қоймай, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға, қоғамдық көліктің тұрақты қатынауына және тұрғындардың уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Сондықтан қаладағы жолдарды жаңғырту жұмыстары тек құрылыс саласының емес, жалпы әлеуметтік-экономикалық дамудың маңызды бөлігі саналады.

Соңғы жылдары Қызылорда қаласының инфрақұрылымдық әлеуеті айтарлықтай нығайды. Облыс орталығында жаңа тұрғын шағынаудандар бой көтеріп, инженерлік-коммуникациялық желілер тартылуда. Көптеген көшелерге күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаяу жүргіншілер жолы, велосипед жолақтары, көше жарығы мен жаңбыр суын ағызу жүйелері кезең-кезеңімен жаңартылуда.

Сонымен қатар қалада қоғамдық көлік жүйесін жетілдіру, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін арттыру және тұрғындарға қолайлы қалалық орта қалыптастыру бағытында да кешенді жұмыстар іске асырылып келеді. Мұндай жобалар қаланың көлік қатынасын тиімді ұйымдастырумен қатар, инвестициялық тартымдылығын арттыруға да оң әсер етеді.

Назарбаев даңғылы мен оған жалғасатын көшелерді қайта жаңғырту жобасы – осы кешенді жұмыстардың маңызды бөлігі. Аталған көшелер пайдалануға берілгеннен кейін көлік ағынының өткізу қабілеті артып, жолдардың қызмет ету мерзімі ұзарады әрі тұрғындар үшін жайлы және қауіпсіз қозғалысқа жағдай жасалады.

Қаланың қарқынды дамуы сапалы инфрақұрылыммен тығыз байланысты. Сондықтан жол-көлік желісін жаңғырту, инженерлік жүйелерді жетілдіру және заманауи қалалық ортаны қалыптастыру бағытындағы мұндай ірі жобалар Қызылорданың келешектегі тұрақты дамуына берік негіз қалайды.

БӨЛІСУ