СУ ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Су – стратегиялық ресурс: Сыр өңіріндегі су шаруашылығының өзекті мәселелері талқыланды.

Қызылорда облысында су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, вегетациялық кезеңді тұрақты өткізу және су ресурстарын тиімді басқару мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Осы өзекті бағыттарды талқылау мақсатында Қазалы ауданындағы «Руханият» орталығында Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов пен облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жахановтың қатысуымен кеңейтілген жиын өтті.

Басқосуға облыстық басқармалар мен салалық инспекциялардың басшылары, мәслихат депутаттары, су шаруашылығы саласының мамандары, аудан ардагерлері, шаруашылық құрылымдарының жетекшілері және сала қызметкерлері қатысып, Сыр өңірінің су шаруашылығына қатысты өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Су тапшылығы – жаңа шешімдерді талап етеді

Сыр өңірінің экономикасы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Ал егіншіліктің негізгі тірегі – су. Сондықтан трансшекаралық өзендердегі су көлемінің азаюы, климаттың өзгеруі және суға деген сұраныстың артуы өңір үшін жаңа тәсілдерді талап етіп отыр.

Министр Нұржан Нұржігітов өз баяндамасында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су ресурстарын ұтымды пайдалану мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналғанын атап өтті.

Оның айтуынша, биыл вегетациялық кезеңге қажетті су көлемін тұрақты қамтамасыз ету мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып, Қызылорда облысына қажетті су кезең-кезеңімен бөлінуде. Шаруашылықтар белгіленген кесте бойынша су алып, егістікті суару жұмыстарын ұйымдастыруда.

Сонымен бірге министр суармалы егіншілікте су үнемдеу технологияларын енгізу, суды көп қажет ететін дақылдардың көлемін оңтайландыру және егіс құрылымын әртараптандыру алдағы жылдардағы негізгі міндеттердің бірі болып қала беретінін айтты.

Суды үнемдеу – уақыт талабы

Жиында су пайдалану мәдениетін қалыптастыру мәселесіне де ерекше назар аударылды. Министр су лимиттерін тиімді пайдалану, заң талаптарын сақтау және су ысырабына жол бермеу тек мемлекеттік органдардың емес, барлық су пайдаланушылардың ортақ жауапкершілігі екенін атап өтті.

Қазіргі таңда елімізде ирригациялық жүйелерді жаңғырту, каналдарды бетондау, гидротехникалық құрылыстарды қалпына келтіру және цифрлық су есептеу жүйелерін енгізу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бұл шаралар су шығынын азайтып, ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сырдария бассейнінің жағдайы сараланды

Кеңейтілген жиында «Арал-Сырдария» бассейндік су инспекциясының басшысы Зейнулла Қазтоғанов Сырдария өзені бассейніндегі су қорының қазіргі жағдайына тоқталды. Ол су көлемінің қалыптасуы, вегетациялық кезеңде су бөлу тәртібі, бақылау жұмыстары және су пайдалануға жүргізіліп жатқан мониторинг туралы жан-жақты баяндама жасады.

Ал «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалы директорының міндетін атқарушы Нажмадин Шамуратов шаруашылықтарды сумен қамтамасыз ету, гидротехникалық нысандардың жай-күйі және биылғы суару науқанының барысы туралы ақпарат берді. Оның айтуынша, суару жүйелерінің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.

Шаруалардың ұсынысы назардан тыс қалмады

Жиын барысында сала ардагерлері мен шаруашылық жетекшілері өздерін алаңдатқан мәселелерді ашық айтып, нақты ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе су бөлу кестесі, каналдардың техникалық жағдайы, су жеткізу сапасы және ирригациялық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелері кеңінен көтерілді.

Министр көтерілген барлық сұрақтарға жауап беріп, ұсыныстардың алдағы жоспарларда ескерілетінін жеткізді. Сондай-ақ су ресурстарын тиімді басқару, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және су шаруашылығы нысандарын жаңғырту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын айтты.

Су қауіпсіздігі – өңір дамуының кепілі

Сыр өңірі үшін су – тек табиғи ресурс емес, әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсімнің негізі. Сондықтан су қорын сақтау, оны ғылыми негізде басқару және әрбір тамшы суды тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеті.

Қазалыдағы кеңейтілген жиын осы мәселелердің маңызын тағы бір мәрте айқындап берді. Мемлекет қолға алып отырған су саясатының басты мақсаты – өңірлерді тұрақты сумен қамтамасыз етіп қана қоймай, климаттық өзгерістер жағдайында ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына жағдай жасау. Бұл міндетті жүзеге асыруда мемлекеттік органдардың, шаруалардың және су пайдаланушылардың өзара үйлесімді жұмысы шешуші рөл атқарады.

БӨЛІСУ