Қарлан көпірі – Қазалының көлік әлеуетін арттыратын стратегиялық жоба.
Қазалы ауданында көптен күткен маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – «Қазалы–Қожабақы–Бозкөл–Кәукей» автомобиль жолының бойындағы Қарлан көпірінің құрылысы қарқынды жалғасуда. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында, Үкімет пен облыс әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан бұл жоба ауданның ғана емес, тұтас өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін бермек.
Осыған орай аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жауапты сала басшыларымен бірге құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысын көзбен көріп, мердігер мекеме өкілдерімен алдағы жоспарларды талқылады.
Маңызы зор нысан
Жалпы құны 6 миллиард 746 миллион теңгені құрайтын жоба Сырдария өзені арқылы өтетін жаңа көпір өткелін және оған жалғасатын автомобиль жолын қамтиды. Көпір өткелінің жалпы ұзындығы 2,5 шақырым болса, оның 248,29 метрі көпірдің өзіне, ал 2,3 шақырымы кірме жолдарға тиесілі.
Бұл көпір – жай ғана инженерлік нысан емес. Ол Сырдарияның арғы бетіндегі елді мекендердің аудан орталығымен және облыстық маңызы бар жолдармен қатынасын жеңілдететін стратегиялық көлік дәлізіне айналмақ.
Құрылыс белгіленген кестеге сай жүргізілуде
Бүгінде жобаны жүзеге асырып жатқан «НұрлыТау ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Қазіргі уақытта жоспарланған 84 дана свай толық қағылып, көпірдің негізгі тірек конструкцияларын орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Жобада қарастырылған 8 тіреудің 6-уы толық аяқталған, қалған тіректер кезең-кезеңімен салынып жатыр. Сонымен қатар кірме жолдарға топырақ төсеу және жол табанын қалыптастыру жұмыстары да қатар жүргізілуде.
Құрылыс алаңында 30 арнайы техника мен 80-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Бұл құрылыс жұмыстарының қарқынын бәсеңдетпей, белгіленген мерзімде аяқтауға мүмкіндік береді.
10 мыңнан астам тұрғынның мәселесі шешіледі
Құрылыс барысымен танысқан аудан әкімі Алмасбек Есмаханов жобаның әлеуметтік маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Бұл – аудан тұрғындары көптен күткен маңызды жобалардың бірі. Әсіресе Сырдария өзенінің арғы бетіндегі елді мекендерде тұратын 10 мыңнан астам тұрғын үшін бұл көпірдің маңызы өте зор. Сондықтан құрылыс сапасына ерекше мән беріліп, нысан белгіленген мерзімде пайдалануға берілуі тиіс, – деді аудан басшысы.
Шынында да, жаңа көпір пайдалануға берілген соң тұрғындардың қатынау уақыты қысқарып, жедел медициналық көмек, білім беру, мемлекеттік қызметтер мен кәсіпкерлік нысандарына қолжетімділік артады. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін тасымалдау жеңілдеп, көлік шығындары азаяды.
Инфрақұрылымдық даму – өңір өркендеуінің негізі
Жоба толық аяқталғаннан кейін көпір заманауи талаптарға сәйкес жарықтандырылып, қауіпсіздік қоршауларымен және қажетті жол инфрақұрылымымен толық жабдықталады. Бұл қозғалыс қауіпсіздігін арттырып, тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастырады.
Құрылыс алаңын аралау барысында аудан әкімі жауапты сала басшылары мен мердігер ұйымға жұмыстың сапасын тұрақты бақылауда ұстауды, құрылыс қарқынын төмендетпеуді және барлық технологиялық талаптарды қатаң сақтауды тапсырды.
Қарлан көпірі – Қазалы ауданының көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін, тұрғындардың өмір сапасын жақсартатын әрі өңірдің экономикалық әлеуетін арттыратын стратегиялық нысан. Оның пайдалануға берілуі ауданның инфрақұрылымдық дамуына тың серпін беріп, Сырдарияның екі жағалауындағы елді мекендердің байланысын бұрынғыдан да нығайта түседі.