АУДАН ӘКІМІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СПАРТАКИАДА ЧЕМПИОНЫН МАРАПАТТАДЫ

Жалағаштың жеңісі – мемлекеттік қызметшілердің спорттағы серпінінің көрінісі

Жалағаш ауданының мемлекеттік қызметшілері спорттағы жоғары жетістіктерімен тағы бір мәрте ел назарын аудартты. Мемлекеттік қызметшілер арасында өткен республикалық спартакиадада қазақ күресінен чемпион атанған аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Жайдарбай Есеновті аудан әкімі Ардақ Ибраимов арнайы қабылдап, құрмет көрсетті.

Кездесу барысында аудан басшысы мемлекеттік қызметтің тек кәсіби міндеттермен шектелмейтінін, салауатты өмір салтын ұстану мен спорттық белсенділіктің де маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, Жалағаш ауданының мемлекеттік қызметшілерінен құралған команда соңғы жылдары тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Атап айтқанда, 2025 және 2026 жылдары облыс әкімінің жүлдесіне арналған облыстық спартакиадада екі жыл қатарынан чемпион атанып, республикалық деңгейде де өңір абыройын асқақтатуда.

Жайдарбай Есеновтің қазақ күресінен 90 келі салмақ дәрежесінде барлық қарсыласынан басым түсіп, республикалық спартакиада чемпионы атануы – ұзақ жылғы еңбектің, үздіксіз дайындықтың және спортқа деген адалдықтың нәтижесі. Бұл жеңіс тек жеке спортшының ғана емес, аудан спортының әлеуетін айқындайтын маңызды көрсеткіш.

Аудан әкімі Ардақ Ибраимов жеңімпазды құттықтай отырып, мемлекеттік қызметшілер командасының табыстары жастарға үлгі болатынын ерекше атап өтті. Оның пікірінше, қызмет пен спортты қатар алып жүрген азаматтар еңбекқорлықтың, тәртіптің және жауапкершіліктің жарқын үлгісін көрсетіп келеді.

Биылғы республикалық спартакиадаға еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларынан келген командалар қатысып, спорттың 10 түрінен өзара бақ сынады. Осындай ауқымды додада Қызылорда облысының намысын қорғаған жалағаштық мемлекеттік қызметшілердің жоғары нәтиже көрсетуі өңірдегі бұқаралық спорттың даму деңгейін аңғартады.

Спорт саласының маманы ретінде Жайдарбай Есеновтің жеңісі де ерекше мәнге ие. Өйткені ол тек ұйымдастырушы ғана емес, өзінің спорттық шеберлігімен де көпшілікке үлгі көрсетіп отыр. Мұндай жетістіктер мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға, бұқаралық спортты дамытуға және жастарды ұлттық спорт түрлеріне тартуға оң ықпал ететіні сөзсіз.

Жалағаш спортшыларының бұл жеңісі – ауданның мерейін өсірген, өңір спортының әлеуетін дәлелдеген маңызды жетістік. Ендігі мақсат – осы қарқынды сақтап, алдағы республикалық және халықаралық жарыстарда да жаңа белестерді бағындыру.

БӨЛІСУ