ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІҢ САПАСЫ МЕН ҚОЛЖЕТІМДІЛІГІ АРТУДА

Құрылысқа бақылау күшейді: цифрландыру сапалы қызметке жол ашуда.

Құрылыс саласы – елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты көрсеткіштерінің бірі. Жаңадан бой көтерген тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар мен өндірістік кешендердің сапасы, ең алдымен, мемлекеттік бақылаудың тиімділігіне байланысты. Осы тұрғыдан алғанда Қызылорда облысында құрылыс саласындағы бақылау жұмыстарын күшейту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және цифрлық технологияларды кеңінен енгізу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғанижан Қалиев биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығындағы жұмыстардың қорытындысын жариялады. Ұсынылған мәліметтер мемлекеттік бақылаудың тек қадағалау қызметімен ғана шектелмей, заңдылықты қамтамасыз ету, құрылыс сапасын арттыру және қызмет көрсету үдерістерін цифрландыру бағытында да айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілгенін көрсетеді.

Жартыжылдық қорытындысы бойынша басқармаға жеке және заңды тұлғалардан 347 өтініш түскен. Оның басым бөлігі қаралып, заң талаптарына сәйкес шешім қабылданған. Сонымен қатар тұрғындардың арыз-шағымдары негізінде 82 жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 62 жағдайда заң бұзушылық анықталған. Бұл көрсеткіштер азаматтардың қоғамдық бақылаудағы белсенділігін және мемлекеттік органның әрбір өтінішке нақты ден қойып отырғанын аңғартады.

Заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында 270 әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған. Мұндай шаралар құрылыс саласындағы тәртіпті нығайтып, жауапкершілікті арттыруға ықпал етеді. Өйткені құрылыс барысында жіберілген кез келген заң бұзушылық кейін тұрғындардың қауіпсіздігіне, нысандардың сапасына және қала құрылысының талаптарына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтерді цифрландыру құрылыс саласына да жаңа серпін берді. Биыл «Е-лицензиялау» порталы арқылы 1309 өтініш қаралып, 991 лицензия мен аттестат рәсімделген. Ал құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы 952 хабарламаның 657-сі тіркеліп, заң талаптарына сәйкес келмеген 295 өтініш кері қайтарылған. Бұл электронды жүйелердің құжаттарды автоматты түрде сүзгіден өткізіп, заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етудегі тиімділігін көрсетеді.

Құрылыс сапасын бақылауда «E-Qurylys» ақпараттық жүйесінің рөлі де артып келеді. Аккредиттелген техникалық қадағалау ұйымдарынан 2430 айлық есептің электронды түрде қабылдануы бақылау тетіктерінің ашықтығын қамтамасыз етіп, қағазбастылықты азайтты. Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу веб-порталының электрондық депозитарийі арқылы жұмыс өтілін растауға қатысты өтінімдердің қаралуы да қызметтердің қолжетімділігін арттырды.

Бақылау жұмыстарының нақты нәтижесі ретінде Қызылорда қаласындағы Желтоқсан көшесінде көпқабатты тұрғын үйлерге жапсарлас заңсыз салынған жеті жазғы кафе анықталып, олардың толықтай бұзылуы – заңның бәріне бірдей екенін көрсететін маңызды мысал. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігі мен қаланың сәулеттік келбетін сақтауға бағытталған мемлекеттік бақылаудың нақты жемісі болды.

Қазіргі таңда құрылыс саласында тек нысандардың санын арттыру емес, олардың сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты талапқа айналып отыр. Сондықтан мемлекеттік бақылаудың тиімділігі, цифрлық технологиялардың енгізілуі және көрсетілетін қызметтердің ашықтығы өңірдің тұрақты дамуына тікелей әсер етеді.

Алдағы уақытта облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы заң талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін кеңейту және азаматтар мен кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін одан әрі жетілдіруді негізгі басымдықтардың бірі ретінде жалғастырмақ. Бұл өз кезегінде өңірде қауіпсіз әрі сапалы құрылыс мәдениетін қалыптастыруға негіз болмақ.

БӨЛІСУ