Қазақстанда мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған құқықтық реформалардың жаңа кезеңі басталды. 2026 жылғы 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда қабылданған жаңа Конституцияның 1 шілдеден бастап күшіне енуімен бірге заңнамалық база да жаңартылып, көптеген нормативтік-құқықтық актілер қайта қаралды. Соның ішінде мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен ашықтығын арттыруға бағытталған «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа заңның қабылдануы мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптарды едәуір күшейтті.

Осыған байланысты Қызылорда қаласы әкімдігінің мәжіліс залында жаңа заңнама нормаларын түсіндіруге арналған арнайы семинар өтті. Жиынның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілерге заңдағы өзгерістерді жан-жақты түсіндіріп, оларды тәжірибеде тиімді қолданудың жолдарын көрсету.

Кездесуге Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Ерлеген Мендалиев пен Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев қатысты. Олар жаңа заңнаманың басты жаңалықтарына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтары мен міндеттері, қызметтік әдеп, азаматтардың құқықтарын қорғау және мемлекеттік қызмет көрсету сапасына қатысты енгізілген өзгерістерді кеңінен түсіндірді. Сондай-ақ жиын барысында қатысушылардың сұрақтарына жауап беріліп, заң нормаларын қолдануға байланысты пікір алмасу өтті.

Мемлекеттік қызмет саласындағы өзгерістердің басты мақсаты – кәсіби, ашық әрі қоғам алдындағы жауапкершілігі жоғары мемлекеттік аппарат қалыптастыру. Жаңа заңда мемлекеттік қызметке қабылдау талаптары, қызметтік тәртіп, әдеп нормалары, жауапкершілік мәселелері және мемлекеттік қызметшінің қоғам алдындағы міндеттері нақтыланған.

Жиында сөз сөйлеген қала әкімінің әдеп жөніндегі уәкілі Мұрат Тасқараев мемлекеттік қызметшілердің заң талаптарын бұлжытпай орындауының маңызын ерекше атап өтті. Ол қызметкерлерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы «мүлдем төзбеушілік» қағидатын берік ұстануға, қызмет барысында жоғары әдеп мәдениетін сақтауға, азаматтармен қарым-қатынаста сыпайылық пен ашықтық танытуға және әрбір мемлекеттік қызметшінің халық сеніміне лайық еңбек етуі қажеттігін айтты.

Бүгінде мемлекеттік қызметке қойылатын талаптардың күшеюі – заман талабы. Қоғам мемлекеттік қызметтен ашықтықты, әділдікті және сапалы қызмет көрсетуді күтеді. Сондықтан жаңа заң талаптарын толық меңгеріп, күнделікті жұмыста басшылыққа алу мемлекеттік қызметшілердің кәсіби міндетіне айналмақ. Осындай түсіндіру кездесулері заңнаманы дұрыс қолдануға, құқықтық мәдениетті арттыруға және халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді.

БӨЛІСУ