ТҰРҒЫНДАРҒА ҚОЛАЙЛЫ ЖАҒДАЙ ЖАСАУ – БАСТЫ МІНДЕТ

Жаз мезгілінің аптап ыстығы тұрғындардың күнделікті тұрмысына ғана емес, қаланың коммуналдық инфрақұрылымына да қосымша салмақ түсіреді. Әсіресе соңғы күндері ауа температурасының қалыпты көрсеткіштен жоғары көтерілуі коммуналдық қызметтердің жұмысын күшейтілген режимде ұйымдастыруды талап етуде. Мұндай кезеңде қала тіршілігінің бір сәтке де тоқтамауы, тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығын қамтамасыз ету – жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық мекемелердің басты міндетіне айналады.

Қазіргі таңда Қызылорда қаласында осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. «Қызылорда тазалығы», «Су жүйесі», «Автобус паркі», қалалық электр тарату орталығы және жауапты мердігер ұйымдар тәулік бойы күшейтілген жұмыс режиміне көшіп, тұрғындарға үздіксіз қызмет көрсетуде. Мамандар инженерлік желілердің тұрақты жұмысын бақылап, жолдар мен қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын қамтамасыз етуге басымдық беріп отыр.

Аптап ыстықтың әсерін азайту мақсатында апта басынан бері қаланың негізгі көшелері мен көлік қозғалысы қарқынды жолдарға арнайы техникалар арқылы су себу жұмыстары ұйымдастырылған. Жол жабындысын суару бірнеше міндетті қатар атқарады. Біріншіден, асфальттың қатты қызуын төмендетіп, оның ұзақ мерзім қызмет етуіне ықпал етеді. Екіншіден, жол бойындағы шаңның көтерілуін азайтып, экологиялық ахуалды жақсартады. Үшіншіден, тұрғындар мен жаяу жүргіншілер үшін қолайлы микроклимат қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мамандардың айтуынша, әсіресе көлік қозғалысы тығыз көшелерде жаңбырлатып су себу жұмыстары күннің ең ыстық уақытында жүргізіледі. Бұл тәжірибе әлемнің көптеген ыстық климатты қалаларында қолданылып келеді және жоғары температураның кері әсерін азайтудың тиімді тәсілдерінің бірі саналады.

Коммуналдық қызметтердің негізгі міндеті тек инженерлік инфрақұрылымды қалыпты жағдайда ұстаумен шектелмейді. Төтенше жағдайлардың алдын алу, халық арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмыстар да қатар жүргізілуде.

Осы ретте қызылордалық құтқарушылар тұрғындарға ерекше көңіл күй сыйлаған игі шара ұйымдастырды. Өрт сөндіру автоцистерналарымен қаланы аралаған мамандар тұрғын үйлер орналасқан шағынаудандарда балалар мен ата-аналарға қауіпсіздік талаптарын түсіндіріп, аптап ыстықта сергіту мақсатында жаңбырлатып су шашты. Балаларға балмұздақ таратылып, түрлі ойындар ұйымдастырылды. Бұл бастама кішкентай тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлап қана қоймай, төтенше жағдай қызметкерлерінің қоғаммен өзара байланысын нығайтуға ықпал етті.

Мұндай іс-шаралардың тәрбиелік маңызы да ерекше. Себебі балалар қауіпсіздік ережелерін ойын арқылы жеңіл қабылдайды. Ал ата-аналар үшін жаз мезгілінде өрт қауіпсіздігі, күн өту қаупі мен судағы қауіпсіздік мәселелерін еске салудың маңызы зор.

Синоптиктер алдағы күндері де өңірде ыстық ауа райы сақталатынын болжауда. Сондықтан мамандар тұрғындарды күннің ең ыстық уақытында мүмкіндігінше сыртқа шықпауға, көбірек сұйықтық ішуге, балалар мен қарт адамдардың денсаулығына ерекше көңіл бөлуге шақырады. Сондай-ақ электр желілеріне артық жүктеме түсірмеу, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және қоғамдық орындарда тәртіпке мән беру қажеттігін ескертеді.

Қала тіршілігінің қалыпты ырғағын сақтау – тек коммуналдық қызметтердің ғана емес, тұрғындардың да ортақ жауапкершілігі. Тазалықты сақтау, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау, қауіпсіздік талаптарын орындау арқылы әрбір азамат туған қаласының жайлы әрі қауіпсіз болуына өз үлесін қоса алады.

Аптап ыстық кезеңінде қолға алынған бұл жұмыстардың түпкі мақсаты – тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартып, қаладағы қолайлы ортаны сақтау. Коммуналдық қызметтердің үйлесімді еңбегі мен тұрғындардың жауапкершілігі ұштасқанда ғана кез келген маусымдық қиындықты еңсеруге мүмкіндік туады.

БӨЛІСУ