Қызылорда – мажар капиталы үшін жаңа мүмкіндік алаңы

Қызылорда облысында инвестициялық белсенділікті арттыру бағытындағы жұмыстар жүйелі жалғасып келеді. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Мажарстанның Қазақстандағы Бас консулы Сёке Сабольчпен кездесуі де осы бағыттағы нақты қадамдардың бірі болды. Кездесу барысында екі ел арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты тереңдету, бірлескен жобаларды жүзеге асыру және өңірдің инвестициялық әлеуетін тиімді пайдалану мәселелері талқыланды.

Бұл кездесу дипломатиялық хаттама аясындағы басқосу ғана емес, Қызылорданың халықаралық инвестициялық байланыстарын кеңейтуге бағытталған маңызды келіссөз ретінде бағалануы тиіс. Соңғы жылдары Қазақстан мен Мажарстан арасындағы саяси әрі экономикалық байланыс жаңа деңгейге көтеріліп келеді. Мемлекет басшылары арасындағы тұрақты кездесулер де екіжақты серіктестіктің нығаюына ықпал етуде. Енді бұл ықпалдастық өңірлік деңгейде нақты жобалар арқылы жалғасын табуда.

Облыс әкімі кездесуде Қызылорданың аграрлық әлеуетіне ерекше тоқталды. Бүгінде республикадағы күріш өндірісінің және ас тұзы өндірісінің 90 пайыздан астамы дәл осы өңірдің үлесіне тиесілі. Сонымен қатар соңғы жылдары мал және құс шаруашылығы, сүт өндірісі қарқынды дамып келеді. Бұл өз кезегінде құрама жемге деген сұранысты жылдан-жылға арттырып отыр.

Осы сұранысты қамтамасыз ету үшін өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамыту маңызды. Сондықтан облыс басшысы Мажарстанның жетекші агроөнеркәсіптік компанияларының бірі – UBM Group қолға алуды жоспарлап отырған екі жаңа құрама жем зауытының бірін Қызылорда облысында орналастыруды ұсынды. Бұл ұсыныстың экономикалық негізі де берік.

Қазіргі таңда өңірде «Harvest Agro» компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан ауқымды агроөнеркәсіптік жоба жыл сайын 150 мың тонна жүгері мен 40 мың тонна соя өндіруге мүмкіндік береді. Бұл құрама жем өндірісінің негізгі шикізат базасын қалыптастырып, дайын өнімнің өзіндік құнын төмендетуге жағдай жасайды. Яғни жаңа зауыт салынған жағдайда шикізат тапшылығы болмайды және өндіріс шығыны айтарлықтай азаяды.

Тағы бір маңызды фактор – нарық көлемі. Қызылорда облысының өзінде бүгінде 1,3 миллионнан астам мал басы тіркелген. Ал көршілес Түркістан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарының мал шаруашылығы әлеуетін қоса есептегенде бұл көрсеткіш 12 миллион басқа дейін жетеді. Демек, құрама жем өндірісіне тұрақты әрі ауқымды тұтынушы нарығы қалыптасқан.

Инвесторлар үшін өңірдің логистикалық мүмкіндіктері де маңызды артықшылық саналады. Қызылорда халықаралық көлік дәліздерінің бойында орналасқан. Теміржол, автомобиль жолдары және өңірлік әуе қатынасы жақсы дамыған. Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеуі, инженерлік инфрақұрылымы толық тартылған алты индустриялық аймақтың болуы өндіріс орындарын қысқа мерзімде іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл инвесторлардың бастапқы шығындарын азайтып, жобалардың тиімділігін арттырады.

Жалпы, әлемдік тәжірибеде ауыл шаруашылығы өнімдерін тек шикізат күйінде сатудан гөрі, оларды терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім өндіру экономиканың тұрақты дамуына жол ашады. Құрама жем зауыты да дәл осындай өңдеу өнеркәсібінің маңызды буыны болмақ. Ол ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының шығынын азайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға, бюджет кірісін көбейтуге және өңірдің экспорттық әлеуетін арттыруға ықпал етеді.

Қызылорда облысы соңғы жылдары тек табиғи ресурстарымен емес, өндірістік және аграрлық әлеуетімен де шетелдік инвесторлардың назарын аударып келеді. Егер UBM Group жобасы өңірде жүзеге асса, бұл ауыл шаруашылығы саласының жаңа кезеңге көтерілуіне, өңдеу өнеркәсібінің дамуына және Қазақстан мен Мажарстан арасындағы экономикалық әріптестіктің нақты нәтижесіне айналары сөзсіз.

Сондықтан бүгінгі кездесу – жай ғана дипломатиялық диалог емес, Қызылорданың инвестициялық тартымдылығын халықаралық деңгейде танытып, өңір экономикасына жаңа серпін беретін маңызды бастамалардың бірі деуге толық негіз бар.

БӨЛІСУ