Газдандыру – халықтың тұрмыс сапасы мен өңір экономикасының негізгі тірегі

Елдегі энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және халықты табиғи газбен қамтамасыз ету бүгінде мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналды. ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселесінің қаралуы осының айқын көрінісі. Ал Үкімет отырысынан кейін Қызылорда облысында өткен арнайы мәжілісте өңірдегі газдандыру жұмыстарының барысы жан-жақты сараланып, алдағы міндеттер нақтыланды.

Мемлекет басшысы елді мекендерді көгілдір отынмен қамту деңгейін қазіргі 65 пайыздан 80 пайызға дейін жеткізу жөнінде нақты міндет қойған болатын. Бұл тапсырма тек энергетика саласын дамытуға ғана емес, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған стратегиялық шешім. Себебі табиғи газ – тұрғындардың жайлы өмірінің, кәсіпкерліктің дамуының және экологиялық қауіпсіздіктің маңызды кепілі.

Қызылорда облысында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Биыл өңірде газдандыруға арналған 14 жоба қолға алынып, оған 4,7 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде бұрын басталған жобалардың жалғасы да, жаңадан іске асатын нысандар да бар. Жыл соңына дейін тағы 10 елді мекеннің табиғи газға қосылуы жоспарланған. Бұл жүзеге асса, облыс тұрғындарының 85 пайызы көгілдір отынның игілігін көреді.

Бұл көрсеткіш республикадағы газдандыру деңгейі жоғары өңірлердің қатарына қосылуға мүмкіндік береді. Ең бастысы – ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайы жақсарып, көмір мен отынға тәуелділік азаяды. Сонымен бірге экологиялық ахуалдың жақсаруы, тұрмыстық шығындардың қысқаруы және шағын кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай қалыптасады.

Газдандырудың экономикалық тиімділігі де жоғары. Табиғи газ өндіріс орындары мен кәсіпкерлер үшін энергия шығынын азайтып, жаңа өндірістер ашуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде жұмыс орындарының көбеюіне және өңір экономикасының дамуына ықпал етеді.

Мәжілісте сұйытылған мұнай газымен тұрғындарды тұрақты қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше назар аударылды. Табиғи газ желісі жетпеген елді мекендер үшін сұйытылған газдың үздіксіз жеткізілуі әлеуметтік тұрақтылықтың маңызды факторларының бірі болып қала береді. Сондықтан бұл бағыттағы бақылауды күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Күн тәртібінде қаралған тағы бір өзекті мәселе – елді мекендердің санитарлық тазалығы. 1 шілдеден бастап күшіне енген абаттандырудың жаңа үлгілік қағидалары қоғамдық тәртіпті сақтауға, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыруға бағытталған. Бұл талаптардың орындалуы газдандыру сияқты инфрақұрылымдық жобалармен қатар, елді мекендердің өмір сүруге қолайлы ортасын қалыптастыруға қызмет етеді.

Алдағы екі жылға арналған жоспарлар да ауқымды. 2026–2027 жылдары тағы 16 елді мекенді газдандыру үшін 19 миллиард теңге көлемінде бюджеттік өтінім берілген. Сонымен бірге «QazaqGaz Aimaq» компаниясының инвестициялық бағдарламасы арқылы тағы 6 ауылға газ жеткізу көзделіп отыр. Бұл жоспарлар жүзеге асса, өңірдің газдандыру деңгейі бұрынғыдан да жоғарылап, шалғай ауылдардың әлеуметтік дамуына тың серпін береді.

Газдандыру – тек инженерлік жоба емес. Бұл – халықтың денсаулығы, тұрмыс сапасы, экологиялық қауіпсіздік және өңірдің инвестициялық тартымдылығы сияқты бірнеше маңызды бағытты қатар қамтитын кешенді бастама. Сондықтан Қызылорда облысында жүргізіліп жатқан жұмыстар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындаумен қатар, өңірдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына негіз қалайтын маңызды қадамдардың бірі болып саналады.

БӨЛІСУ