Қайта жаңғырған Қазалы теміржол вокзалы – өңірдің жаңа келбеті.
Теміржол вокзалы – кез келген өңірдің алғашқы әсерін қалыптастыратын маңызды нысан. Жолаушы қалаға немесе ауданға келгенде ең әуелі вокзалдан түседі. Сондықтан вокзалдың жай-күйі тек көлік инфрақұрылымының ғана емес, тұтас өңірдің даму деңгейінің көрсеткіші саналады. Осы тұрғыдан алғанда ғасырдан астам тарихы бар Қазалы теміржол вокзалының қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілуі аудан үшін ғана емес, аймақтың көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды оқиға болды.
Қазалы – қазақ теміржолының қалыптасу тарихымен біте қайнасқан мекендердің бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан аудан бүгінде де маңызды теміржол торабы ретінде стратегиялық маңызын жоғалтқан жоқ. Сондықтан тарихи вокзал ғимаратын сақтай отырып, оны заман талабына бейімдеу – уақыт сұранысынан туындаған міндет еді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімі Алмасбек Есмахановтың айтуынша, биыл теміржол саласында жүзеге асқан ең ауқымды жобалардың бірі – 125 жылдық тарихы бар вокзал ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу болды. Жоба «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының қаржыландыруымен жүзеге асырылды.
Жаңғырту жұмыстары кезінде тарихи сәулеттік ерекшелік барынша сақталды. Сонымен қатар ғимараттың инженерлік жүйелері толық жаңартылып, ішкі инфрақұрылымы қазіргі талаптарға сай қайта жабдықталды. Кең әрі жайлы күту залдары, заманауи қызмет көрсету орындары, жаңартылған кіреберіс пен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолжетімді орта – мұның барлығы жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуге бағытталған.
Қазіргі таңда инфрақұрылымға қойылатын талап бұрынғыдан әлдеқайда жоғары. Бүгінгі жолаушы үшін қауіпсіздік, қолайлылық, қолжетімділік және қызмет көрсету сапасы басты орында. Осы тұрғыдан алғанда Қазалы вокзалының жаңаруы тұрғындардың ғана емес, аудан арқылы қатынайтын мыңдаған жолаушының сұранысына жауап береді.
Бұл жоба жеке қарастырылған бастама емес. Ол соңғы жылдары аудан орталығында жүзеге асырылып жатқан кешенді инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарының заңды жалғасы. Өткен жылдың басында пайдалануға берілген теміржол үстінен өтетін жаңа жаяу жүргіншілер көпірі соның жарқын дәлелі. Жалпы құны 1,3 миллиард теңгені құраған бұл нысан тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, теміржолдың екі бөлігін жалғап, көлік пен жаяу жүргіншілер қозғалысын айтарлықтай жеңілдетті.
Вокзалдың қайта жаңаруы тек ғимаратпен шектелген жоқ. Оның айналасындағы қоғамдық кеңістік те толықтай жаңартылды. Жергілікті бюджет есебінен аумақ абаттандырылып, жаңа жаяу жүргіншілер жолдары салынды, заманауи жарықтандыру жүйелері орнатылды. Сонымен бірге көгалдандыру және көріктендіру жұмыстары жүргізіліп, вокзал маңы ауданның сәулеттік келбетін толықтыра түсетін жайлы қоғамдық кеңістікке айналды.
Бұл өзгерістердің әлеуметтік маңызы ерекше. Себебі вокзал – тек көлік нысаны емес. Ол – ауданның «визит картасы», сырттан келген қонақтың Қазалы туралы алғашқы пікірін қалыптастыратын орын. Сондықтан тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшелігін сақтай отырып, оны заманауи талаптарға бейімдеу өткенге құрмет пен болашаққа деген жауапкершіліктің үйлесімін көрсетеді.
Мемлекет басшысы инфрақұрылымды жаңғырту, халыққа сапалы әрі қауіпсіз қызмет көрсету мәселесіне әрдайым басымдық беріп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі бүгінде өңірлерде нақты жобалар арқылы көрініс табуда. Қазалы теміржол вокзалының қайта жаңғыртылуы – соның айқын мысалы.
Тарихы терең, тағылымы мол Қазалының басты сәулет нысандарының бірі болған вокзал енді өткеннің мұрасын сақтай отырып, жаңа дәуірдің талаптарына жауап беретін заманауи кешен ретінде халық игілігіне қызмет етпек. Бұл – ауданның көлік инфрақұрылымын дамытуға ғана емес, оның сәулеттік келбетін жаңартып, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

