Тазалық – ортақ жауапкершілік пен қоғамдық мәдениеттің көрсеткіші.
Қазалы ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік өтті. Ауқымды тазалық шарасы аудан тұрғындарының экологиялық мәдениетін қалыптастыруға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған нақты жұмыстармен ерекшеленді.
Сенбілік барысында аудан орталығы – Әйтеке би кентіндегі негізгі көшелер мен қоғамдық орындарда кешенді тазалық жұмыстары жүргізілді. Қ. Пірімов, Қ. Ерімбет және Т. Бөрқұлақов көшелері бойында, сондай-ақ «Үш таға» аумағынан Жанқожа көшесіне дейінгі аралықта шөп шабылып, ретсіз тасталған тұрмыстық қалдықтар жиналды. Бұдан бөлек аяқ су арықтары тазартылып, қоршаулар, жол белгілері мен орындықтар жуылып, сырланды. Мұндай жұмыстар елді мекендердің сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындарға қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыруға ықпал етеді.
Аудан әкімі Алмасбек Есмаханов сенбілік жұмыстарының барысын арнайы аралап, атқарылған жұмыстармен танысты. Жауапты сала басшыларымен бірге санитарлық тазалықтың сақталуын бақылап, елді мекендердің көркеюіне бағытталған жұмыстардың тұрақты әрі жүйелі жүргізілуі қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар тазалық мәселесі маусымдық шарамен ғана шектелмей, күнделікті басқару мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін жеткізді.
Экологиялық акция аясындағы жұмыстар тек аудан орталығымен шектелген жоқ. Сол күні «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің бойында, жол жиектерінде және қоқыс полигондары аумақтарында да кең көлемді тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Бұл шаралар аудан аумағының экологиялық ахуалын жақсартып, өңірдің санитарлық тазалығын қамтамасыз етуге бағытталды.
Жалпыхалықтық сенбілікке 134 мекемеден 1425 адам қатысып, 17 арнайы техника жұмылдырылды. Нәтижесінде арнайы полигондарға 15,3 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды. Бұл көрсеткіш аудан тұрғындары мен мекемелердің ортақ іске белсенді атсалысқанын және қоршаған ортаны таза ұстауға деген жауапкершілігінің артып келе жатқанын көрсетеді.
Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бір реттік тазалық жұмыстарының шеңберінен шығып, қоғамдық мәдениетті қалыптастырудың маңызды тетігіне айналып келеді. Тазалыққа ұқыпты қарау, табиғатты қорғау және қоғамдық орындарды күтіп ұстау – өркениетті қоғамның басты белгілерінің бірі. Сондықтан мұндай бастамалар халықтың экологиялық санасын көтеріп қана қоймай, жас ұрпақтың бойына туған жерге деген жанашырлық пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға да ықпал етеді.
Қазалы ауданында өткізілген кезекті сенбілік – осы игі мақсаттардың нақты көрінісі. Көркейген көше, таза аула мен жинақы қоғамдық кеңістік – тұрғындардың ортақ еңбегінің нәтижесі. Осындай жүйелі жұмыстар жалғасын тапқан сайын ауданның санитарлық жағдайы жақсарып, өмір сүруге қолайлы, мәдениеті жоғары орта қалыптаса беретіні сөзсіз.