Қалалық мәдени-демалыс паркінде өткен концерт көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлап қана қойған жоқ. Жаңа Конституцияның күшіне енуі мен Ұлттық домбыра күнін тоғыстырған мәдени шара қоғамдағы құқықтық жаңғыру мен ұлттық руханияттың өзара сабақтастығын айқын көрсетті. Заң үстемдігі мен ұлттық құндылықтар – елдің тұрақты дамуының бір-бірін толықтыратын қос тірегі екенін іс-шара мазмұны терең ашып берді.
Концерттің «Елге сапар» әнімен басталып, халық әндері, сахналық қойылымдар, терме мен көркемсөз арқылы жалғасуы – қазақ халқының рухани тамырының тереңдігін танытты. Әсіресе, домбыраның қасиеті мен ұрпақ сабақтастығын бейнелеген қойылым көрерменге ұлттық тәрбиенің маңызын әсерлі жеткізді. Бұл – тарихи жады мен мәдени мұраны сақтау мемлекеттілікті нығайтудың маңызды алғышарттарының бірі екенін аңғартты.
Шара барысында Қазақстанның халық әртісі, композитор Кеңес Дүйсекеевтің шығармашылығына арнайы құрмет көрсетілуі де мәдени мұраға деген ілтипаттың айқын көрінісі болды. Оның әндерінің орындалуы қазақ музыка өнерінің өміршеңдігін және ұлттық мәдениеттің қоғамды біріктіретін күшке ие екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Концерттің басты ерекшелігі – өнер арқылы жаңа Конституцияның мәні мен маңызын халыққа түсіндіруінде. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияның құқықтық мемлекет қағидаттарын нығайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды күшейтуге бағытталғаны кеңінен насихатталды. Ақсуат ауылдық округінің әкімі Н. Бақытов бұл өзгерістердің елдің ұзақ мерзімді дамуына, қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайтуға қызмет ететінін атап өтті.
Өнер – қоғамға ой салудың, ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды құралы. Бұл концертте ән, күй, терме, би және көркемсөз арқылы елге деген сүйіспеншілік, тәуелсіздікке деген құрмет, халықтың бірлігі мен ортақ құндылықтары дәріптелді. Осы тұрғыдан алғанда, мерекелік кеш мәдени іс-шара ғана емес, құқықтық мәдениетті арттыру мен азаматтық сананы нығайтуға бағытталған тағылымды кездесу болды.
Жаңа Конституцияның күшіне енуі – еліміздің құқықтық жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды кезең болса, Ұлттық домбыра күні – халықтың рухани тамырын жаңғыртатын мереке. Осы екі маңызды оқиғаның бір арнада тоғысуы заң мен руханияттың, дәстүр мен жаңғырудың өзара үндестігін көрсетіп, елдің тұрақты әрі ұзақ мерзімді дамуы ұлттық құндылықтар мен құқықтық мемлекетті қатар дамыту арқылы жүзеге асатынын айқын аңғартты.