ЖУРНАЛИСТ – ҚОҒАМ МЕН БИЛІК АРАСЫНДАҒЫ СЕНІМ КӨПІРІ

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні – қоғамның ақпараттық кеңістігін қалыптастырып, ел мен жұрттың арасын байланыстырып жүрген журналистердің еңбегіне көрсетілетін құрметтің айқын көрінісі. Осыған орай аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен салтанатты кездесу кәсіби мерекені атап өтумен ғана шектелмей, ақпарат саласының бүгінгі тынысы мен алдағы міндеттерін саралаған мазмұнды басқосуға ұласты.

Жиынға аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сала ардагерлері және ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Кездесу барысында журналистиканың қоғамдық өмірдегі орны, ақпараттық қауіпсіздік, мемлекеттік саясатты халыққа түсіндірудегі БАҚ-тың рөлі кеңінен сөз болды.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков құттықтау сөзінде журналистика – тек ақпарат тарататын сала ғана емес, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, елдің үнін жеткізетін маңызды институт екенін атап өтті.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры» деп атап өткен болатын. Бұл – ақпарат саласы қызметкерлеріне берілген жоғары баға. Бүгінде журналистің міндеті тек жаңалық тарату емес, қоғамның дамуына серпін беретін сапалы ақпарат ұсыну. Сіздер ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын, халықтың тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттап, тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогтың қалыптасуына зор үлес қосып келесіздер. Сондықтан сіздердің еңбектеріңіз әрдайым құрметке лайық, – деді аудан басшысы.

Кездесуде ауданның зиялы қауым өкілдері Тілеубек Бабасов, Нәйла Палымбет және Нұрмахан Елтай сөз сөйлеп, өңір журналистикасының қалыптасуы мен даму жолына тоқталды. Олар қалам иелерінің елдік мүддені қорғаудағы, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы және қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудағы рөлін ерекше атап өтті. Сондай-ақ ақпарат саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагерлердің тәжірибесі кейінгі буын журналистер үшін үлкен мектеп екеніне назар аударды.

Салтанатты жиында ауданның қоғамдық-саяси өмірін, әлеуметтік-экономикалық дамуын тұрақты түрде насихаттап жүрген бірқатар журналистер мен сала ардагерлері аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Бұл – ақпарат саласы мамандарының ерен еңбегіне берілген лайықты баға.

Бүгінде ауданның ақпараттық кеңістігінде «Өскен өңір» және «Шарайна-Сейхун» қоғамдық-саяси газеттері маңызды орынға ие. Аталған басылымдар ауданның тыныс-тіршілігін жан-жақты жариялап қана қоймай, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы, әлеуметтік бастамалар, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы және тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша тұрақты ақпарат таратып келеді. Сонымен қатар өңірдегі оң өзгерістерді кеңінен насихаттап, халықтың ұсыныс-пікірін билікке жеткізетін маңызды ақпарат алаңына айналған.

Жиын соңында еркін форматтағы пікір алмасу ұйымдастырылып, журналистиканың қазіргі даму үрдістері, цифрлық медианың ықпалы, ақпараттың шынайылығы мен кәсіби жауапкершілік мәселелері талқыланды. Бұл өз кезегінде билік пен бұқаралық ақпарат құралдары арасындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтып, қоғамдағы ашықтық пен жариялылық қағидаттарын дамытуға бағытталған маңызды қадам болды.

Мерекелік кездесу журналист еңбегіне көрсетілген құрметтің жарқын көрінісі ғана емес, қоғамның тұрақты дамуы жолында ақпарат саласы қызметкерлеріне жүктелер жауапкершіліктің де жоғары екенін тағы бір мәрте айқындады.

БӨЛІСУ