Аудан әкімінің есепті кездесуінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлар кеңінен талқыланды
Жалағаш кентінде аудан әкімі Ардақ Ибраимовтың тұрғындармен І жартыжылдық қорытындысына арналған есепті кездесуі өтті. Ашық форматта ұйымдастырылған жиынға аудандық мәслихат төрағасы Өмірзақ Елеусінов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, мәслихат депутаттары, бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ кент тұрғындары қатысты.
Есепті кездесудің басты мақсаты – жыл басынан бері атқарылған жұмыстардың нәтижесін халыққа таныстыру, алдағы міндеттерді айқындау және тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдау болды.
Жиында сөз сөйлеген аудан әкімі Ардақ Ибраимов Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімінің тапсырмалары аясында аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік-экономикалық жобаларға жан-жақты тоқталды. Оның айтуынша, инфрақұрылымды жаңғырту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және елді мекендердің келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Кездесуде Жалағаш кентінің даму жоспарына енгізілген маңызды жобалардың бірі – орталық алаңды қайта жаңғырту мәселесі айтылды. Құны 315,2 миллион теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, орталық алаңдағы су бұрқақ қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.
Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылған. Биыл кентішілік 14 көшеге күрделі жөндеу жүргізіліп, барлық жұмыс толық аяқталған. Бұл көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, тұрғындардың күнделікті тұрмысын жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен бұқаралық спортты дамыту мақсатында мектеп аулаларында жаңа спорт ойын алаңдары салынды. Аудан басшысы мұндай жобалардың алдағы уақытта да кезең-кезеңімен жалғасатынын атап өтті.
Кездесу барысында тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылым мәселелері де кеңінен сөз болды. Атап айтқанда, «Ақтерек» тұрғын ауданындағы жер учаскелерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары басталған. Сонымен қатар, кент аумағындағы электр бағаналары мен электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл тұрғындарды сапалы электр энергиясымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Әлеуметтік маңызы бар тағы бір мәселе – апатты жағдайда деп танылған көпқабатты тұрғын үйлердің орнына жаңа баспаналар салу. Биыл бұл бағыттағы құрылыс жұмыстары басталып, жаңа пәтерлер жақын уақытта тұрғындарға табысталады деп жоспарланып отыр.
Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін полигон мен арнайы цех салу жұмыстары қолға алынған. Жоба толық іске қосылған жағдайда қалдықтарды сұрыптау мен өңдеу жүйесі жолға қойылып, қоршаған ортаны қорғауға және санитарлық тазалықты сақтауға оң әсерін тигізеді.
Кенттің көркін арттыру бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалған жоқ. Көгалдандыру, абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және қоғамдық орындарды жаңарту жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде тұрғындарға жайлы әрі қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға бағытталған.
Есепті кездесудің соңында тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі көтерілген мәселелердің әрқайсысы назарға алынатынын айтып, жауапты бөлім басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Мұндай есепті кездесулер халық пен жергілікті билік арасындағы ашық диалогты нығайтып, өзекті мәселелерді бірлесіп шешуге мүмкіндік береді. Ал жүзеге асырылып жатқан жобалар Жалағаш кентінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырып, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болып табылады.