VIII шақырылымдағы Қармақшы аудандық мәслихатының кезекті 49-сессиясында денсаулық сақтау саласының жай-күйі талқыланды.
Жосалы кенті әкімдігі аппаратының мәжіліс залында VIII шақырылымдағы Қармақшы аудандық мәслихатының кезекті 49-сессиясы өтті. Сессия жұмысына аудандық мәслихаттың 10 депутаты қатысып, ауданның әлеуметтік маңызы бар мәселелері жан-жақты қаралды.
Жиынға аудан әкімі Жандос Еркінбек, аудандық емхананың басшылығы, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, аудандық зертхана меңгерушісінің міндетін атқарушы, аудандық жедел жәрдем бөлімшесінің басшысы, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, дербес бөлімдердің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселенің бірі – аудан тұрғындарына медициналық қызмет көрсету барысы және оны жетілдіру жолдары болды. Бұл бағытта аудандық емхананың басшылығы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасап, алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі, тұрғындарды профилактикалық тексерулермен қамту, ана мен бала денсаулығын қорғау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, кадрлық әлеуетті нығайту және жедел медициналық көмектің сапасын арттыру бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Сондай-ақ санитарлық-эпидемиологиялық ахуал, жұқпалы аурулардың алдын алу шаралары, зертханалық қызметтің жай-күйі және жедел жәрдем бөлімшесінің жұмысы жөнінде жауапты сала басшыларының есептері тыңдалды. Депутаттар тұрғындар тарапынан жиі көтерілетін мәселелерге қатысты сауалдарын қойып, медициналық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстарын жеткізді.
Сессия барысында аудандық мәслихаттың 2026 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспары бекітіліп, алдағы кезеңде қаралатын өзекті мәселелер айқындалды.
Жиын соңында депутаттардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, аудандық мәслихат төрағасы Ә.Ү. Қошалақов сессияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша қабылданған шешімдердің аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға және әлеуметтік салалардың тиімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтіп, сессия жұмысын қорытындылады.