Бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Қызылорда қаласындағы «Сыр сүлейлері» аллеясында «Таза қала – ортақ жауапкершілік» атты тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Іс-шараға «Жасыл ел» еңбек жасақтарының сарбаздары және белсенді жастар қатысып, аллея аумағын қоқыстан тазарту, жасыл желектердің маңын ретке келтіру, сондай-ақ аллея бойында орналасқан ескерткіштер мен мүсіндерді сүртіп, күтіп-баптау жұмыстарын жүргізді.
Экологиялық акцияның арнайы қонағы үш дүркін «Алтын домбыра» иегері, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязов «Сыр сүлейлері» аллеясының ашылу тарихы мен оның рухани-мәдени маңызына тоқталды. Сондай-ақ ол Сыр өңірінен шыққан жыраулар мен шайырлардың қазақ әдебиеті мен өнеріндегі орны туралы айтып, жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге және тарихи-мәдени мұраларды көздің қарашығындай сақтауға шақырды.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы игі бастамалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.