ӘРІПТЕСТЕРІМІЗ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Бұған дейін кәсіби мереке қарсаңында баспана кілттері негізінен астаналық журналистерге табысталып келсе, биыл алғаш рет бұл игі бастаманың аясы кеңейіп, өңірдегі журналистер де қамтылды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласы қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселесі әрдайым назарда екенін атап өтіп, биыл еліміздің түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүрген журналистерге де пәтер берілетінін мәлімдеді.

Бұл – аймақта жүріп елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, қоғам мен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер еңбегіне көрсетілген үлкен құрмет әрі жоғары сенім.

Соңғы үш жылда Астанада 200 журналист баспаналы болса, биыл республика бойынша ақпарат саласының 66 қызметкеріне пәтер кілті табысталмақ. Оның ішінде Сыр өңірінің де мерейі үстем болып, бүгін кәсіби мереке қарсаңында екі әріптесіміз баспаналы болды.

Бұл – тек екі әріптесіміздің ғана қуанышы емес, күллі өңір журналистерінің ортақ қуанышы десек болғандай. Себебі бұл шешім аймақтағы ақпарат саласы мамандарының еңбегі еленіп, кәсіби беделінің артқанын көрсетеді.

Жаңа қоныс иелері Азиз Батырбеков пен Рамазан Жүсіпбекті шын жүректен құттықтаймыз! Шаңырақтарыңыз шаттыққа, үйлеріңіз берекеге толсын! Әрдайым ел игілігі жолында қаламдарыңыз қарымды, еңбектеріңіз жемісті болғай.

БӨЛІСУ