Ауыл – елдің алтын бесігі. Сондықтан ауылдық аумақтарды дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту және инфрақұрылымды жаңғырту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен тұрақты кері байланыс орнатып, жергілікті жердегі мәселелерді уақытылы шешудің маңыздылығын бірнеше рет атап өткен болатын. Осы тапсырманы жүйелі жүзеге асыру мақсатында аудан әкімі Жандос Еркінбек ауылдық округтердегі тұрғындармен тұрақты түрде кездесіп, елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық даму барысын халықпен бірге талқылап келеді.
Осындай кездесулердің бірі Алдашбай ахун және Дауылкөл ауылдық округтерінде өтті. Жиын барысында биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңге жоспарланған жобалар кеңінен таныстырылды. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тыңдалып, ұсыныс-пікірлер назарға алынды.
Кездесу барысында аудан әкімі ауылдарды дамытудағы негізгі басымдықтардың бірі – халықтың қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне жағдай жасау екенін атап өтті. Соңғы жылдары аудан көлемінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынған. Соның нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған заманауи жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
Алдашбай ахун ауылдық округінде өткен жылы төртінші деңгейлі бюджет көлемі 21 миллион теңгеге ұлғайды. Бұл ауыл әкімдігіне жергілікті маңызы бар мәселелерді дер кезінде шешуге қосымша мүмкіндік беріп отыр. Аталған қаражаттың есебінен ауылдың әлеуметтік және коммуналдық инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында ауылға төрт дана бейнебақылау камерасы орнатылды. Бүгінде цифрлық бақылау жүйесі қоғамдық орындардағы қауіпсіздікті күшейтіп қана қоймай, құқық қорғау органдарының жұмыс тиімділігін де арттыруға ықпал етуде.
Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды нысандардың бірі – өрт сөндіру бекеті. Жақында «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында Алдашбай ахун ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті салынып, пайдалануға берілді. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет етуге мүмкіндік жасап, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды қадамдардың бірі болды.
Кездесу барысында аудан басшысы инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстарға да ерекше тоқталды. Оның айтуынша, аудан көлеміндегі төрт елді мекеннің электр желілерін жаңарту үшін 200 миллион теңге бөлінген. Осы ауқымды жобаға Алдашбай ахун ауылы да енгізілген. Электр желілерін жаңғырту тұрғындарды сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етіп қана қоймай, болашақтағы өндірістік және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.
Дауылкөл ауылдық округінде де тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Ауылдағы мәдени өмірді жандандыру мақсатында жыл басында ауылдық клуб үйіне 5,5 миллион теңге көлемінде заманауи LED экран орнатылды. Соның арқасында мәдени-көпшілік шаралар жаңа форматта өткізіліп, концерттік бағдарламалар мен қоғамдық жиындардың сапасы артты.
Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі бұл ауылда да басты назарда. Осы мақсатта ауыл орталығындағы Ешнияз Сал көшесіне төрт дана бейнебақылау камерасы орналастырылып, қоғамдық орындарға бақылау күшейтілді.
Мемлекет пен бизнестің әлеуметтік әріптестігі де ауылдардың дамуына оң ықпалын тигізіп келеді. Соның бір дәлелі – демеушілердің қолдауымен 2,3 миллион теңгеге жаңа аялдаманың салынуы. Бұл тұрғындардың, әсіресе оқушылар мен қарттардың күнделікті қатынауына қолайлы жағдай жасап отыр.
Бұдан бөлек, ауыл көшелерін жарықтандыру бағытында да нақты жұмыстар қолға алынған. Қазіргі таңда демеушілік қаражат есебінен үш көшені жарықтандыруға арналған жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда ауылдың түнгі келбеті жақсарып, тұрғындардың қауіпсіз қозғалысына қосымша мүмкіндік жасалады.
Кездесу барысында аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне кеңінен тоқталып, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысын баяндады. Сонымен бірге тұрғындар тарапынан спорт саласын дамыту, мәдениет ошақтарының жұмысын жетілдіру, жастарды қолдау, инфрақұрылымды одан әрі жақсарту және өзге де маңызды мәселелер көтерілді.
Әрбір ұсыныс пен сауалға аудан басшысы заңнама талаптарына сәйкес нақты жауап беріп, жауапты бөлім басшыларына тиісті тапсырмалар жүктеді. Көтерілген мәселелердің барлығы бақылауға алынып, кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.
– «Тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері әрдайым назарда болады. Халықпен ашық диалог орнату – тиімді жұмыстың басты қағидаты. Елді мекендердің дамуы әрбір тұрғынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Сондықтан ауылдарды дамыту бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», – деді аудан әкімі Жандос Еркінбек.
Жалпы, ауылдарды дамыту – тек жаңа нысандар салумен ғана шектелмейді. Бұл – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту, қауіпсіз орта қалыптастыру, инженерлік инфрақұрылымды жаңарту, мәдениет пен спортты дамыту, халықтың ұсыныстары негізінде нақты шешімдер қабылдау сияқты кешенді жұмыстардың жиынтығы. Алдашбай ахун мен Дауылкөл ауылдық округтерінде жүзеге асырылып жатқан жобалар осы бағыттағы жүйелі жұмыстың нақты көрінісі болып табылады. Мұндай бастамалар ауылдардың әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына берік негіз қалайды.