Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірлерді дамыту, ауыл халқының өмір сүру сапасын жақсарту және жергілікті өзін-өзі басқаруды күшейту бағытындағы міндеттерді тұрақты түрде атап келеді. Бұл талаптарды жүзеге асыруда жергілікті атқарушы органдардың халықпен ашық диалог орнатуы, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін назарға алып, нақты шешімдер қабылдауы ерекше маңызға ие. Осы тұрғыдан алғанда аудан әкімінің елді мекендердегі халықпен кездесулері ауылдардың әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды алаңға айналып отыр.
Осы бағыттағы кезекті кездесу аудан әкімі Жандос Еркінбектің Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдық округтерінде өтті. Жиын барысында ауылдардың биылғы жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері сараланып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы кезеңге жоспарланған жобалар талқыланды. Сонымен бірге тұрғындардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, көтерілген мәселелер бойынша заң аясында нақты түсіндірмелер берілді.
Бүгінде ауылдық округтердің инфрақұрылымын дамытуға бағытталған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Соның бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін күшейту мақсатында аудан бойынша 11 елді мекенге бейнебақылау камераларын орнатуға аудандық бюджеттен 27 миллион теңге бөлінді. Осы жоба аясында Тәйімбет Көмекбаев және Қуаңдария ауылдарына төрт-төрттен заманауи бейнебақылау камералары орнатылып, қоғамдық орындардағы бақылау жүйесі айтарлықтай күшейтілді. Бұл өз кезегінде құқық қорғау органдары жұмысының тиімділігін арттырып, ауыл тұрғындарының қауіпсіз өмір сүруіне оң әсерін тигізуде.
Тәйімбет Көмекбаев ауылдық округінде де халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылды. Төртінші деңгейлі бюджет қаражаты есебінен Қаратай Қуаңбаев аллеясындағы жарық шамдары толық жаңартылып, кешкі уақытта тұрғындардың қауіпсіз жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарының үй іргелік жерлерін сумен қамтамасыз ету мақсатында ауылдың шығыс және батыс бөліктеріндегі электр насостары тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл әсіресе бау-бақша өсірумен айналысатын тұрғындар үшін маңызды қолдау болып отыр.
Соңғы жылдары ауылдық жерлердегі цифрлық теңсіздікті азайту да күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі. Осы бағытта Шобанқазған және Кекірелі елді мекендерінде спутниктік технологиялар негізіндегі сымсыз байланыс арқылы кең жолақты интернет желісі іске қосылды. Соның нәтижесінде ауыл тұрғындары сапалы интернетке қол жеткізіп, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу, қашықтан білім алу, кәсіп жүргізу және ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану бағытында жаңа мүмкіндіктерге ие болды.
Қуаңдария ауылдық округінде де инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Болашақта бой көтеретін Жастар саябағы, өрт сөндіру бекеті, көшелерді жарықтандыру және өзге де әлеуметтік маңызы бар нысандарға қажетті жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл – алдағы құрылыс жобаларының сапалы жүзеге асуына негіз болатын маңызды дайындық кезеңі.
Сонымен қатар ауыл тұрғындарының күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Бәйтерек көшесіне аудандық бюджеттен 9 миллион теңге бөлініп, жаяу жүргіншілер жолы салынды. Бұл тұрғындардың, әсіресе мектеп оқушылары мен қарттардың қауіпсіз қозғалуына мүмкіндік беріп, ауылдың сәулеттік келбетін де жақсарта түсті.
Кездесу барысында тұрғындар ауыл өміріне қатысты бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, жұмыссыздықты азайту, аяқ сумен қамтамасыз ету, мәдениет саласын дамыту, жастарды жұмыспен қамту және әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру жөніндегі ұсыныстар айтылды. Аудан әкімі әрбір сауалға егжей-тегжейлі жауап беріп, заңнама талаптарына сәйкес түсіндірме жасады. Сонымен қатар жауапты бөлім басшылары мен мекеме жетекшілеріне нақты тапсырмалар жүктеп, көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын жеткізді.
Жалпы, шалғай ауылдарды дамыту – бір күннің немесе бір жылдың жұмысы емес. Ол жүйелі жоспарлауды, тұрақты қаржыландыруды және халықпен тығыз байланысты талап ететін ұзақ мерзімді үдеріс. Соңғы жылдары аудан көлемінде жүзеге асырылып жатқан инфрақұрылымдық жобалар, қоғамдық қауіпсіздікті күшейту, инженерлік желілерді жаңарту, цифрлық байланыс сапасын арттыру бағытындағы жұмыстар осының айқын дәлелі. Бұл бастамалардың барлығы ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға, елді мекендердің әлеуетін көтеруге және өңірдің тұрақты дамуына бағытталған.