Қармақшы ауданының әкімі Жандос Еркінбектің Төретам кенті тұрғындарымен өткізген кезекті кездесуі жергілікті халықтың көкейіндегі мәселелерді талқылап, атқарылған жұмыстардың нәтижесін саралауға мүмкіндік берді. Ашық форматта өткен жиында биылғы жылдың алғашқы алты айында жүзеге асқан жобалар мен алдағы жоспарлар кеңінен таныстырылды.
Төретам кенті – аудан көлеміндегі ірі елді мекендердің бірі. Бүгінде мұнда 12 мыңнан астам тұрғын өмір сүреді. Сондықтан халықтың тұрмыс сапасын арттыру, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылымды жетілдіру және жастарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызы зор.
Кездесуде кент әкімі Нұрлыбек Ізбасарұлы кәсіпкерлікті қолдау бағытындағы жұмыстарға ерекше тоқталды. «Ауыл аманаты» ұлттық жобасы арқылы тұрғындардың өз кәсібін бастауына мүмкіндік жасалып, Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы арқылы жалпы құны 20,6 миллион теңгені құрайтын екі жоба қаржылай қолдау тапқан. Бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарының ашылуына және тұрғындардың табысын арттыруға ықпал етеді.
Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Аудандық бюджеттен бөлінген 37 миллион теңгеге Д.Байтөреев көшесінде заманауи футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Бұл спорттық нысан жасөспірімдердің салауатты өмір салтын ұстануына және бұқаралық спорттың дамуына серпін бермек. Сонымен қатар тұрғындардың ұсынысымен «Түлектер аллеясы» мен «Орталық алаң» жобалары әзірленіп, кенттің көркін арттыруға бағытталған бастамалар қолға алынған.
Инженерлік инфрақұрылымды дамыту бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Көшелерді жарықтандыру жүйелерін күтіп ұстау үшін қаржы бөлініп, 70 жарық шамы мен қажетті қосалқы бөлшектер жаңартылған. Ал орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған 1 946 абонент сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіліп отыр.
Кездесудің басты ерекшелігі – тұрғындар мен билік арасындағы тікелей байланыс. Аудан әкімі халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша түсіндірме беріп, тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.
Төретамдағы кездесу жергілікті атқарушы биліктің ашықтық қағидатына негізделген жұмысының көрінісі болды. Мұндай кездесулер тұрғындардың талап-тілегін ескеріп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Бастысы – халық пен билік арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастықтың нығаюына жол ашады.