ӨҢІРЛІК КАДР РЕЗЕРВШІСІ МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕ ІЛГЕРІЛЕДІ

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен 2024 жылғы 1 наурыздан бастап еліміздің барлық өңірлерінде, республикалық маңызы бар қалаларда және Астана қаласында өңірлік кадр резервіне іріктеу жүргізілді. Іріктеу бірнеше кезеңнен өтіп, өз мәресіне жетті. Үміткерлерді бағалау мен іріктеу жұмыстарын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астана қаласының Өңірлік кадр комиссиялары жүзеге асырды.

Өңірлік кадр резервін қалыптастыру жобасының басты мақсаты – өңірлердің дамуына жаңа серпін беретін, басқарушылық әлеуеті жоғары, талантты әрі бастамашыл жастардың пулын қалыптастыру. Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және кемінде үш жыл еңбек өтілі бар Қазақстан Республикасының азаматтары қатысты.
Қызылорда облысында іріктеудің барлық кезеңінен сәтті өткен 37 үміткер Өңірлік кадр комиссиясының алдында өздері таңдаған бағыт бойынша жобаларын қорғады. Қорытындысында 25 кандидат өңірлік кадр резервіне қабылданды. Бүгінде олардың 13-і мемлекеттік қызметтің түрлі лауазымдарына тағайындалып, өңірдің дамуына өз үлестерін қосуда. Солардың бірі – Рамберген Қуанар Тағыбергенұлы.
Қуанар Тағыбергенұлы 1992 жылғы 21 желтоқсанда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ол кәсіби біліктілігі, еңбекқорлығы және үздіксіз білім алуға деген ұмтылысының арқасында мемлекеттік қызметте өзін білікті әрі жауапты маман ретінде таныта білді.
2014 жылы Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетін «Қаржы» мамандығы бойынша тәмамдады. Кейін кәсіби білімін жетілдіру мақсатында осы оқу орнында «Заңгер» мамандығын меңгеріп, 2016 жылы екінші жоғары білім алды. Ал 2017 жылы бизнес басқару магистрі академиялық дәрежесін иеленді.
Еңбек жолын 2014 жылы Қызылорда қаласының ішкі саясат бөлімінде бастап, кейін жергілікті атқарушы органдар жүйесінде әртүрлі жауапты қызметтер атқарды. Қызмет барысында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, мемлекеттік саясатты тиімді іске асыруға және мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған жұмыстарға белсенді атсалысты.
Жинақтаған тәжірибесі мен жоғары кәсіби дайындығының нәтижесінде 2024–2026 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінде қызмет атқарды. Осы кезеңде мемлекеттік басқарудың маңызды бағыттары бойынша жұмыс жүргізіп, стратегиялық міндеттердің орындалуына өзіндік үлесін қосты.
2026 жылдың наурыз айында өңірлік кадр резервінің мүшесі ретінде Қызылорда облысы әкімдігі аппаратының персоналды басқару қызметіне бас инспектор лауазымына тағайындалды. Қазіргі таңда кадрлық саясатты жетілдіру, мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және адами ресурстарды басқару бағытындағы жұмыстармен айналысып келеді.
Қуанар Тағыбергенұлының еңбек жолы – кәсібилікке, үздіксіз ізденіске және мемлекеттік қызметке адалдыққа негізделген табысты мансаптың жарқын үлгісі. Өңірлік кадр резерві арқылы мемлекеттік қызметте жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізіп, бүгінде жауапты қызметте өңірдің дамуына өз үлесін қосып жүрген жас мамандардың бірі ретінде ол өңірлік кадр резерві жобасының тиімділігін айқын көрсетіп отыр.

ҚР Мемлекеттік қызмет
істері агенттігінің
Қызылорда облысы
бойынша департаментінің
бас маманы М.Абтикерова

БӨЛІСУ