23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай «Отбасы – ұлттық құндылық ұясы» атты мемлекеттік қызметшілер отбасылары арасындағы отбасылық байқау ұйымдастырылды.
Тағылымы мол шараға Қаппаровтар, Қасымовтар, Файзуллаевтар, Мырзахановтар, Бағдатовтар, Тұрмановтар және Мұханбетқалиевтер отбасылары қатысып, өзара бақ сынады.
Байқаудың басты мақсаты балалар тәрбиесіндегі ата-ананың жауапкершілігін арттыру, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өнегелі отбасы құндылықтарын жаңғырту, отбасылық бірлік пен татулықты насихаттау, жас ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіру, мәдени мұрамызды кеңінен таныту және мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру болып табылды.
Байқау төрт кезең бойынша өткізілді. Атап айтқанда, қатысушылар «Отбасым – бақыт мекенім, өзіңді мақтан етемін» атты таныстыру кезеңінде өз шаңырақтарының ерекшеліктерін таныстырса, «Қазақтың салт-дәстүрі – ұлттық құндылық» кезеңінде халқымыздың әдет-ғұрыптары мен салт-санасын насихаттады. Ал «Ұлттық тағам – ұлт бренді, қолөнер – өнер үйлесімі» кезеңінде ұлттық тағамдар мен қолөнер бұйымдарын көпшілік назарына ұсынып, өз шеберліктерін көрсетті. Сондай-ақ, «Ұшқыр ой – ұтымды жауап» кезеңінде қатысушылардың білім деңгейі мен тапқырлығы сынға түсті.
Байқау қорытындысы бойынша І орынды Қасымовтар отбасы иеленсе, ІІ орын Тұрмановтар отбасына бұйырды. Ал ІІІ орынды Мұханбетқалиевтер отбасы қанжығасына байлады.
Шара соңында жеңімпаздар мен белсенді қатысушылар арнайы марапатталып, оларға сый-сияпаттар табысталды.
Отбасы құндылықтарын ұлықтауға бағытталған тағылымды байқау қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ұлттық құндылықтар мен берекелі шаңырақтың қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айшықтай түсті.