ЖАС МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРГЕ ТӘЛІМ БЕРУ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТТІК АППАРАТ ҚАЛЫПТАСТЫРУДЫҢ НЕГІЗІ

Мемлекеттік қызметтің тиімділігі мен сапасы ең алдымен онда еңбек ететін мамандардың кәсіби біліктілігіне, жауапкершілігіне және адами құндылықтарына байланысты. Сондықтан жас мемлекеттік қызметшілерді қолдау, олардың кәсіби дамуына жағдай жасау және тәжірибелі мамандардың тәлімін беру мемлекеттік басқару жүйесіндегі маңызды міндеттердің бірі болып саналады.

Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жанындағы Тәлімгерлер кеңесінің кезекті отырысы өткізіліп, жас мемлекеттік қызметшілерге құқықтық және кәсіби бағыттағы кеңестер берілді.

Департамент басшысы Ерлеген Мендалиевтің төрағалығымен өткен жиында мемлекеттік қызметтің бүгінгі талаптары, қызметтік әдеп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет және жастардың кәсіби әлеуетін дамыту мәселелері кеңінен талқыланды.

Кездесу барысында Қызылорда облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Бағдат Әбдіқадыр мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде белгіленген негізгі қағидаттарға тоқталып, мемлекеттік қызметтің беделін қалыптастырудағы әдептілік мәдениетінің рөліне назар аударды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметші тек кәсіби міндетін сапалы атқарушы ғана емес, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезінетін, азаматтарға үлгі болатын тұлға болуы тиіс.

Қазіргі таңда халықтың мемлекеттік органдарға деген сенімі қызметкерлердің кәсіби деңгейімен қатар, олардың қарым-қатынас мәдениеті мен қызметтік әдебіне де тікелей байланысты. Сондықтан адалдық, әділдік, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын ұстану мемлекеттік қызметтің басты құндылықтары ретінде қарастырылады.

Отырыста департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының бас маманы Самат Қуанышбаев саладағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды таныстырып, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттырудың маңызын атап өтті. Заң талаптарын жетік білу мен оларды мүлтіксіз орындау мемлекеттік аппараттың тиімділігі мен қоғам алдындағы сенімділігін нығайтудың маңызды факторы болып табылады.

Жиын барысында Президенттік жастар кадр резервінің мүшелері де жас мамандармен тәжірибе бөлісті. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Стратегиялық даму және халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары Ербол Бөлебаев пен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің стратегиялық даму департаментінің бас консультанты Марат Айтқожа бейнеүндеу жолдап, жастарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан мүмкіндіктердің маңыздылығына тоқталды.

Олар Президенттік жастар кадр резерві мен өңірлік кадр резервтерінің талантты әрі бастамашыл жастар үшін кәсіби өсудің тиімді алаңына айналғанын атап өтті. Мұндай жобалар жас мамандардың жаңа идеяларын жүзеге асыруға, басқару тәжірибесін жетілдіруге және мемлекеттік басқару жүйесіне тың серпін беруге мүмкіндік береді.

Кездесу барысында Тәлімгерлер кеңесінің мүшелеріне Қызылорда облысының балалар құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Ерлан Бәкіров алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспарларын таныстырып, кеңес мүшелерімен бірлескен жұмыстың негізгі бағыттарын ортаға салды.

Шараның тағылымдық мәнін арттырған маңызды сәттердің бірі – мемлекеттік қызмет саласының ардагері Сайлаубай Әбішовтің жастармен тәжірибе алмасуы болды. Ол көпжылдық еңбек жолында жинақтаған тәжірибесін бөлісіп, мемлекеттік қызметтегі жауапкершілік, кәсіби адалдық және халыққа қызмет ету қағидаттарының маңыздылығына тоқталды.

Жалпы, мұндай кездесулер жас мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қалыптасуына, құқықтық білімін жетілдіруге және мемлекеттік қызметтің жоғары стандарттарын меңгеруіне ықпал етеді. Тәжірибе мен білім сабақтастығын қамтамасыз ету арқылы ғана тиімді, ашық әрі халыққа қызмет ететін мемлекеттік аппарат қалыптастыруға болады.

Жас мамандарды қолдау және олардың әлеуетін дамыту – мемлекеттік басқару жүйесінің болашағына салынған инвестиция. Сондықтан тәлімгерлік институтын дамыту мен кәсіби бағыт-бағдар беру жұмыстары алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.

БӨЛІСУ