КӨЛІК ПРОКУРОРЫ ШИЕЛІ АУДАНЫНДА ҚОҒАМДЫҚ ҚАБЫЛДАУ ӨТКІЗДІ

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында Қызылорда өңірлік көлік прокуратурасының бастамасымен Қызылорда өңірлік көлік прокуроры Роллан Файзуллаұлы Яғмусовтың қатысуымен аудан тұрғындарына арналған қоғамдық қабылдау өтті.

Қоғамдық қабылдауға аудан әкімінің орынбасары Арман Дүйсенбаев, Қызылорда станциясындағы Көліктегі полиция бөлімінің бастығы Дәурен Қожабергенов және аудан тұрғындары қатысты.

Қабылдау барысында тұрғындар теміржол көлігіндегі қауіпсіздік, жолаушылардың құқықтарын қорғау, көлік инфрақұрылымын пайдалану кезіндегі заң талаптары, қоғамдық тәртіпті сақтау, сондай-ақ өзге де құқықтық мәселелер бойынша сауалдарын қойды. Азаматтардың өтініштері мен ұсыныстары мұқият тыңдалып, қолданыстағы заңнама аясында тиісті түсіндірмелер берілді.

Көлік прокуроры Роллан Файзуллаұлы тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын атап өтіп, заң талаптарының сақталуы мен азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда болатынын жеткізді.

Айта кету керек, аталған қоғамдық қабылдау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылды. Бұл – қоғамдағы заң үстемдігін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға бағытталған жүйелі жұмыстардың бір бөлігі.

БӨЛІСУ