ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНДА САЯҚ ШЕГІРТКЕГЕ ҚАРСЫ ХИМИЯЛЫҚ ӨҢДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ҚАРҚЫНДЫ ЖҮРГІЗІЛУДЕ

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянкестерден қорғау және фитосанитариялық тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Соның ішінде саяқ шегірткелердің таралуына қарсы күрес шаралары ерекше бақылауға алынып, өңір бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуде.

Мамандардың жүргізген фитосанитариялық зерттеулері нәтижесінде жалпы көлемі 17,9 мың гектар аумақта саяқ шегірткелердің саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталды. Осыған байланысты зиянкестердің жаппай таралуына жол бермеу мақсатында жедел шаралар қабылданып, химиялық өңдеу жұмыстары ұйымдастырылды.

Қазіргі таңда 11,2 мың гектар жерге химиялық өңдеу жүргізілуде. Аталған жұмыстарға арнайы жерүсті бүрку агрегаттарымен қатар аса жеңіл авиация техникасы – дельтопландар жұмылдырылған. Бұл шалғай және қолжетімділігі төмен аумақтарды қысқа мерзімде қамтуға мүмкіндік береді.

Өңдеу барысында Қазақстан Республикасында қолдануға рұқсат етілген «ГУНСЯО» 10% к.э. және «ТИАМЕТРИН» с.к. препараттары пайдаланылуда. Мамандардың айтуынша, бұл препараттар қоршаған ортаға қойылатын талаптарды сақтай отырып, зиянкестердің таралуын тиімді шектеуге және ауыл шаруашылығы дақылдарын қорғауға бағытталған.

Саяқ шегіртке – егістік пен жайылымдық жерлерге елеулі зиян келтіретін қауіпті фитофагтардың бірі. Сондықтан зиянкестердің таралуын ерте анықтау және дер кезінде өңдеу жұмыстарын жүргізу ауыл шаруашылығы өнімдерінің сақталуы мен өнімділігін арттыруда маңызды рөл атқарады.

Бүгінде облыс аумағындағы егістік және жайылым жерлерде мониторинг жұмыстары күшейтіліп, анықталған ошақтар бойынша өңдеу шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Жауапты мекемелер фитосанитариялық ахуалды тұрақты бақылауда ұстап, ауыл шаруашылығы өндірушілерімен тығыз байланыста жұмыс жүргізуде.

Шегіртке зиянкестеріне қарсы қорғаныс шаралары алдағы уақытта да жалғасып, өңірдегі ауыл шаруашылығы алқаптарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде орындалатын болады.

БӨЛІСУ