Қытай Халық Республикасының Чунцин су шаруашылығы және электр энергетикасы кәсіптік-техникалық колледжінде Қазақстанның білім беру делегациясымен тәжірибе алмасу және ынтымақтастық мәселелеріне арналған кездесу өтті.
Кездесу барысында екі ел арасындағы кәсіптік білім беру саласындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық ұтқырлықты дамыту, білім беру бағдарламаларын бірлесіп жүзеге асыру, оқу-әдістемелік ресурстарды ортақ пайдалану және халықаралық стандарттарға сай мамандар даярлау мәселелері талқыланды.
Тараптар энергетика, су шаруашылығы, жасыл технологиялар, интеллектуалды өндіріс және жаңа энергия көздері бағыттарында бірлескен білім беру және ғылыми жобаларды іске асыруға қызығушылық танытты. Сонымен қатар, «Қытай тілі + кәсіби технология» форматындағы арнайы бағдарламаларды әзірлеу, студенттер мен оқытушылар алмасуын дамыту, қос дипломды және сертификаттық бағдарламаларды енгізу мүмкіндіктері қарастырылды.
Қытайлық әріптестер өз оқу орнының әлеуетімен таныстырып, халықаралық ынтымақтастық саласында қол жеткізген нәтижелерін бөлісті. Бүгінде колледжде 15 мыңнан астам студент білім алып, энергетика, су ресурстары, экологиялық технологиялар және электр көліктері бағыттарында мамандар даярлануда.
Кездесу қорытындысында тараптар қол жеткізілген уағдаластықтарды нақты жобаларға айналдыруға, өзара байланысты нығайтуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы білім беру саласындағы стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.
Осы қол жеткізілген келісімдерді іс жүзіне асырудың алғашқы нақты қадамы ретінде осы жылдың тамыз айында Қызылорда тарапынан оқытушыларды тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру (білім жетілдіру) мақсатында арнайы шақыру жоспарланып отыр.
Бұл аймақтағы кәсіптік білім беру сапасын халықаралық стандарттарға сай көтеруге үлкен серпін бермек.

