«СЫР АЙБЫНДАРЫ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ЖИЫНҒА АТТАНДЫ

Қызылордада Ақмола облысында өтетін XII Халықаралық «Айбын-2026» әскери-патриоттық жиынына қатысатын «Сыр айбындары» командасын салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесін нығайтуға бағытталған шара Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы мен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бірлескен ұйымдастыруымен жүзеге асырылды.

Халықаралық деңгейдегі беделді әскери-патриоттық жиынға өңір намысын қорғайтын жас сарбаздар қала мен аудандар арасындағы іріктеу кезеңдерінен сүрінбей өтіп, үздік нәтижелерімен ерекшеленген. Олар алдағы додада Қызылорда облысының абыройын қорғап, өздерінің әскери даярлығы мен көшбасшылық қабілеттерін сынға салмақ.

Салтанатты рәсімде Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Дәурен Тлеумбетов пен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, подполковник Еркін Өткелбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Олар жастардың бойындағы патриоттық рух пен жауапкершілік сезімін жоғары бағалап, халықаралық жарыста лайықты нәтиже көрсететініне сенім білдірді.

Шараға сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлері қоғамдық бірлестігінің Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Мұрат Ршауов пен облыстық «Ерлік» үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Орынбайұлы қатысып, жас сарбаздарға ақ батасын берді. Ардагерлер жастарды ел намысын абыроймен қорғауға, тәртіп пен жауапкершілікті ту етуге шақырды.

Өз кезегінде «Сыр айбындары» командасының мүшесі Рамазан Минайдар көрсетілген қолдау үшін алғыс айтып, халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсетуге және жүлделі орындардан көрінуге бар күш-жігерін жұмсайтындарын жеткізді.

Патриоттық әндер шырқалып, естелік суретке түсумен қорытындыланған шара жастардың отансүйгіштік рухын көтеріп, олардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыра түсті.

Айта кетейік, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жиыны жас ұрпақты әскери қызметке баулуға, олардың физикалық және зияткерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ мемлекетшілдік пен патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған маңызды жоба болып табылады.

БӨЛІСУ