ШИЕЛІДЕ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДА АУҚЫМДЫ СЕНБІЛІК ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

Шиелі ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кең көлемді сенбілік өтті. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, қоршаған ортаны қорғауға және елді мекендердің санитарлық тазалығын сақтауға бағытталған шараға аудан тұрғындары белсенді түрде атсалысты.

Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған сенбілікке аудан орталығы мен барлық ауылдық округтердің тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, білім және денсаулық сақтау саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен еріктілер қатысты. Олар көшелерді, саябақтарды, қоғамдық орындар мен әлеуметтік нысандардың аумақтарын тазалау жұмыстарына жұмылдырылды.

Сенбілік барысында көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары қоқыстан тазартылып, жиналған тұрмыстық қалдықтар арнайы орындарға шығарылды. Сонымен қатар арамшөптер шабылып, ағаштардың түптері әктелді. Бірқатар нысандардың қоршаулары мен сыртқы келбетін жаңарту мақсатында әрлеу және сырлау жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындарға жайлы әрі таза орта қалыптастыруға мүмкіндік берді.

Шиелі ауданында санитарлық тазалық пен абаттандыру мәселелері тұрақты бақылауда. Соңғы жылдары елді мекендерді көгалдандыру, қоғамдық орындарды ретке келтіру және экологиялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі сенбілік те осы игі бастамалардың жалғасы болды.

Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастырып, тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығын арттырады. Сонымен қатар ауданның санитарлық жағдайын жақсартып, өңірдің көркеюіне оң әсерін тигізеді.

Айта кетейік, «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы тазалық және абаттандыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Аудан тұрғындарын ортақ іске белсенді қатысып, туған өлкенің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосуға шақыру бағытындағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілмек.

БӨЛІСУ