Жаз мезгілінің аптап ыстығында тағам өнімдерінің сақталу мерзімі мен қауіпсіздігі мәселесі ерекше өзектілікке ие. Әсіресе қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталмауы тұрғындардың жаппай тағамнан улануына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Арал ауданында аудан әкімінің өкімімен құрылған жұмысшы топ кәсіпкерлік нысандарында рейдтік-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рейдке аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі, Арал қаласы әкімдігі, аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімінің мамандары қатысып, қоғамдық тамақтану орындарындағы ахуалға мониторинг жасады. Мамандар аудан тұрғындары мен қонақтарына қызмет көрсететін «Тайқазан», «Тайқазан Loft», «Арал Resto Bar», «Puro Gusto» және «Chinson» секілді нысандарда болып, санитариялық қауіпсіздік талаптарын түсіндірді.
Мамандардың айтуынша, жаз айларында тағам өнімдерінің дұрыс сақталмауы, температуралық режимнің бұзылуы немесе жарамдылық мерзіміне мән берілмеуі адам денсаулығына айтарлықтай қауіп төндіреді. Сондықтан қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар жыл бойы қатаң бақылауда болуы тиіс.
Рейд барысында кәсіпкерлерге азық-түлік өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ас әзірлеу және сақтау талаптарын сақтау, қызметкерлердің жеке гигиенасын бақылау, өрт және төтенше жағдайлардың алдын алу бағытында кеңінен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ мамандар санитариялық-эпидемиологиялық нормаларды бұзудың құқықтық жауапкершілігі жөнінде де ақпарат берді.
Мұндай профилактикалық шаралардың басты ерекшелігі – жазалау емес, алдын алу. Өйткені тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың ғана емес, кәсіпкерлердің де ортақ жауапкершілігі саналады. Қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық талаптардың сақталуы халықтың денсаулығын қорғаумен қатар, кәсіпкерлік нысандардың беделі мен тұтынушылар сенімін арттыруға ықпал етеді.
Бүгінде халық көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік мәселесі ерекше маңызға ие. Сондықтан рейдтік-түсіндіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасып, қоғамдық тамақтану орындарында санитариялық мәдениетті қалыптастыруға және тағамнан улану фактілерінің алдын алуға бағытталмақ. Тұрғындардың денсаулығын сақтау жолындағы мұндай жұмыстардың маңызы зор әрі олардың нәтижесі қоғам қауіпсіздігін нығайтуға қызмет етеді.