Жас ұрпақтың қауіпсіздігі мен тәрбиесі – кез келген қоғамның басты назарындағы мәселе. Әсіресе жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың құқық бұзушылыққа ұрынуының алдын алу және қоғамдық тәртіпті сақтау бағытындағы жұмыстардың маңызы арта түседі. Осы мақсатта аудан аумағында түнгі рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып келеді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің бастамасымен өткен кезекті рейдке аудан прокурорының орынбасары Ғанибек Сағатов, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болатхан Мұханов және жауапты сала жетекшілері қатысты. Рейд барысында қоғамдық орындар, ойын-сауық мекемелері мен көшелер бақылауға алынып, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүру деректері мен қоғамдық тәртіптің сақталуы назарға алынды.
Бүгінде құқық қорғау органдарының мәліметтері бойынша жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың едәуір бөлігі бақылаусыз жүрген уақытта орын алады. Сондықтан мұндай профилактикалық шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылық анықтау ғана емес, оның алдын алу болып табылады.
Әсіресе мектеп бітіруші түлектердің қатысуымен рұқсат етілмеген мерекелік жиындар өткізу, түнгі серуендер ұйымдастыру және қауіпсіздік талаптарын сақтамау жағдайларының алдын алу маңызды. Себебі мұндай басқосулар кей жағдайда қоғамдық тәртіптің бұзылуына, жол-көлік оқиғаларына немесе басқа да келеңсіз жағдайларға себеп болуы мүмкін.
Рейд барысында тұрғындармен және ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бала тәрбиесіндегі жауапкершілік мәселесі көтерілді. Мамандар жасөспірімдердің жүріс-тұрысына бақылауды күшейту, олардың бос уақытын пайдалы істерге бағыттау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін түсіндірді.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тек мемлекеттік органдардың міндеті емес. Бұл бағытта ата-аналардың, білім беру ұйымдарының, қоғамдық ұйымдардың және жалпы қоғамның жауапкершілігі ерекше. Баланың қайда жүргенін білу, бос уақытын бақылау және қауіпсіз орта қалыптастыру – әрбір ата-ананың басты міндеттерінің бірі.
Қазақстан заңнамасына сәйкес кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз сағат 22:00-ден таңғы 06:00-ге дейін ойын-сауық орындарында болуы ата-аналарға немесе заңды өкілдеріне әкімшілік жауапкершілік жүктейді. Бұл талаптың басты мақсаты – балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау.
Жасөспірімдердің қауіпсіздігіне бағытталған мұндай рейдтік және профилактикалық шаралар қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға ықпал етеді. Өйткені қауіпсіз ұрпақ – елдің жарқын болашағының кепілі.