Қай кезеңде болмасын елдің дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан еңбек адамдарының орны ерекше. Олар өздерінің адал еңбегімен, азаматтық болмысымен және ұрпаққа қалдырған өнегелі жолымен қоғамның рухани тірегіне айналады. Осындай ардақты жандардың бірі – туған жердің өсіп-өркендеуіне саналы ғұмырын арнаған еңбек ардагері Машбек Сапарбайұлы.
Биыл елге сыйлы азаматтың туғанына 100 жыл толуына орай «Руханият» орталығында өткен «Еңбекпен биіктеген тұлға» атты тағылымды еске алу кеші оның өнегелі өмір жолын ұлықтауға арналған маңызды рухани шара болды.
Кешке аудан әкімі Мажит Самитов, облыстың зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, ардагерлер мен жастар қатысып, тұлғаның ел алдындағы еңбегіне тағзым етті. Бұл – бір адамның мерейтойын атап өту ғана емес, тұтас бір дәуірдің еңбек құндылықтарын кейінгі буынға насихаттаған мазмұнды басқосу болды.
Шара барысында көрсетілген «Еңбекпен өрілген ғұмыр» бейнеролигі Машбек Сапарбайұлының өмір жолын көпшілікке тағы бір мәрте таныстырып, оның ел үшін атқарған қызметінің ауқымын айқындай түсті. Ал «Ел құрметтісі – Машбек ата» атты арнау кештің тәрбиелік мазмұнын тереңдете түсті.
Кеште сөйлеген аудан әкімі Мажит Самитов Машбек Сапарбайұлының туған өлкенің дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті. Шын мәнінде, қандай қоғамның болмасын басты байлығы – адал еңбек еткен азаматтары. Машбек Сапарбайұлы да өз өмірін ел игілігіне арнап, жауапкершілік пен еңбекқорлықты басты қағидасына айналдырған тұлға ретінде халық жадында сақталды.
Тағылымды жиында сөз алған қоғам қайраткерлері мен ауданның Құрметті азаматтары Машбек Сапарбайұлының адамгершілік қасиеттері, еңбекке деген адалдығы мен ұйымдастырушылық қабілеті туралы естеліктерімен бөлісті. Әсіресе оның ауыл шаруашылығы саласын дамытудағы еңбегі, елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған бастамалары ерекше аталып өтті.
Бүгінде қоғамда еңбек адамының мәртебесін көтеру мәселесі өзекті болып отыр. Мемлекет басшысы да түрлі деңгейде еңбек адамдарын дәріптеудің маңызын үнемі айтып келеді. Осы тұрғыдан алғанда, Машбек Сапарбайұлы секілді тұлғалардың өмір жолын жастарға үлгі ету – уақыт талабы. Өйткені оның ғұмыры табандылықтың, елге қызмет етудің және қарапайымдылықтың жарқын үлгісі.
Кеш барысында ұйымдастырылған архивтік құжаттар мен фотосуреттер көрмесі қатысушыларды өткен жылдардың тарихымен таныстырып, тұлғаның өнегелі жолын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Бұл көрме бір адамның ғана емес, тұтас өңірдің даму тарихынан сыр шертетін құнды деректер жиынтығына айналды.
Машбек Сапарбайұлының ғибратты ғұмыры – еңбек пен адалдықтың, елге деген сүйіспеншіліктің айқын көрінісі. Оның есімі туған жер тарихымен бірге жасап, кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өнеге мектебі болып қала бермек.