Жаз мезгілінің басталуымен су айдындары мен бассейндерде демалушылар саны күрт артады. Алайда демалыстың бұл түрі қауіпсіздік талаптары сақталмаған жағдайда адам өміріне үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан судағы қауіпсіздік мәселесі жыл сайын өзектілігін жоғалтпай келеді.
Осыған орай ҚР Бас прокуратурасының «Саналы ұрпақ» жобасы аясында Жаңақорған ауданында жастар мен жасөспірімдердің судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кең көлемді түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімдігі, төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімі, спорт және туризм бөлімі, аудандық жастар ресурстық орталығының мамандары қатысып, тұрғындар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Мамандар суға түсуге арналған бассейндер мен демалыс орындарында болып, азаматтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігіне баса назар аударылды. Өйткені статистикалық мәліметтерге сүйенсек, судағы жазатайым оқиғалардың басым бөлігі кәмелетке толмағандардың қараусыз қалуынан немесе белгіленбеген орындарда шомылуынан орын алады.
Түсіндіру барысында жасөспірімдерге ересектердің қарауынсыз суға түспеу, қауіпсіздік белгілері қойылған орындарда ғана шомылу, жүзу кезінде сақтық шараларын сақтау жөнінде ескертулер берілді. Сонымен қатар төтенше жағдай туындаған кезде әрекет ету тәртібі түсіндірілді.
Мұндай профилактикалық шаралардың маңызы зор. Өйткені қауіптің алдын алу – оның салдарымен күресуден әлдеқайда тиімді. Жастар арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру, олардың жауапкершілігін арттыру және ата-аналардың қырағылығын күшейту – судағы қайғылы жағдайлардың азаюына ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.
Адам өмірі мен денсаулығы – қоғамның ең басты құндылығы. Сондықтан әрбір азамат судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтап, өз өміріне де, өзгелердің өміріне де жауапкершілікпен қарауы қажет. Саналы ұрпақ тәрбиелеу ең алдымен қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудан басталады.