АҚСУ АУЫЛЫНДА ҮШ КӨШЕГЕ АСФАЛЬТ ТӨСЕЛУДЕ

Ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсарту, елді мекендердің инфрақұрылымын дамыту және жол қатынасын оңтайландыру бағытында Ақсу ауылында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның бірі – ауылішілік көшелерді асфальттау жобасы. Бүгінде Ақсу ауылдық округіндегі бірнеше көшеде жол құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр.

Осыған орай аудан әкімі Ардақ Ибраимов Ақсу ауылдық округіне арнайы барып, жол құрылысы жұмыстарының барысымен танысты. Ауылішілік көшелерді аралап көрген аудан басшысы мердігер мекеме өкілдерімен және жауапты сала мамандарымен кездесіп, атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен мерзіміне қатысты нақты тапсырмалар берді.

Айта кету керек, бұған дейін аудан әкімінің халықпен кездесулерінде Ақсу ауылы тұрғындары жол мәселесін көтерген болатын. Әсіресе ауылішілік көшелердің жағдайын жақсарту жөніндегі ұсыныстар жиі айтылып келген. Тұрғындардың өтініштері назардан тыс қалмай, облыс әкімінің қолдауымен ауылдағы маңызды көшелерді жөндеу жобасы қолға алынды.

Қазіргі таңда ауылдың М.Әуезов, Т.Қожағұлов және Ақбөгет көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде. Жобаның жалпы ұзындығы 3,1 шақырымды құрайды. Құрылыс жұмыстарын тәжірибелі мердігер ұйым – «Р и А Сервис ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыруда.

Жол құрылысы барысында ескі жабындар тегістеліп, қажетті техникалық талаптарға сәйкес негіз дайындалуда. Сонымен қатар сапалы асфальт төсеу арқылы жолдардың ұзақ мерзім пайдаланылуына басымдық берілуде. Бұл өз кезегінде тұрғындардың күнделікті қатынасына қолайлы жағдай жасап, көлік қозғалысының қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

Құрылыс алаңында болған аудан әкімі жол сапасының басты назарда болуы қажеттігін атап өтті.

– Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әрбір жобаның нәтижесі тұрғындарға нақты пайдасын тигізуі тиіс. Сондықтан жол құрылысы белгіленген талаптарға сай, сапалы әрі уақытылы аяқталуы қажет. Жауапты мекемелер құрылыс барысын тұрақты бақылауда ұстап, барлық жұмыстардың жоғары деңгейде орындалуын қамтамасыз етуі керек, – деді Ардақ Ибраимов.

Соңғы жылдары Ақсу ауылында инфрақұрылымды дамыту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Өткен жылы Беркінбай кәлпе – Жалағаш бағытындағы автомобиль жолына жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жол толықтай асфальтталған болатын. Бұл өз кезегінде аудан орталығымен және көршілес елді мекендермен қатынасты жеңілдетіп, тұрғындардың көлік қатынасындағы мәселелерін шешуге оң әсерін тигізді.

Сонымен қатар бүгінде Ақсу ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көріп отыр. Ауылға табиғи газ жеткізіліп, тұрғындардың тұрмыс жағдайы айтарлықтай жақсарды. Бұдан бөлек, электр желілерін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, инженерлік инфрақұрылымның сапасы арттырылды.

Мемлекет тарапынан ауылдық аумақтарды дамытуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде Ақсу ауылында жол, газ, электр желілері секілді маңызды инфрақұрылымдық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мұндай бастамалар ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттырып қана қоймай, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді.

Жауапты мекемелердің мәліметінше, жол құрылысы жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Алдағы уақытта да Ақсу ауылының инфрақұрылымын жақсартуға бағытталған жобалар жалғасып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға басымдық берілмек.

БӨЛІСУ