Қазақ халқы үшін кітап – білім мен тәрбиенің, руханият пен мәдениеттің қайнар көзі. Ұлттың интеллектуалдық әлеуетін арттырып, жас ұрпақтың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруде кітаптың орны қашанда ерекше. Осы мақсатта Қызылорда облысында жүзеге асырылып жатқан «Кітап керуені» жобасы Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылына келіп, тұрғындарға мазмұнды рухани кеш сыйлады.
Кітап оқуды насихаттау, оқу мәдениетін қалыптастыру және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған игі бастама ауыл тұрғындары мен жастар тарапынан зор қызығушылыққа ие болды. Жоба аясында ұйымдастырылған іс-шаралар кітаптың адам өміріндегі маңызын дәріптеп қана қоймай, әдебиет пен өнердің қоғамдағы орнын айшықтай түсті.
Шараның салтанатты ашылу рәсіміне Қармақшы аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ғалымжан Нысанбаев пен Әбділда Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сәбит Көзейбаев қатысып, жобаға сәттілік тіледі. Олар өз сөздерінде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру – рухани жаңғырудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.
Мерекелік жиынға өңірдің ақын-жазушылары, мәдениет қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері арнайы қатысып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Қонақтар кітаптың қоғамды тәрбиелеудегі рөліне тоқталып, жас ұрпақты білім мен ғылымға ұмтылуға шақырды.
Іс-шара «Сыр елі – кітап керуені» атты мәдени бағдарламамен бастау алды. Бағдарлама барысында кітапхана ісін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген сала мамандары мен белсенді оқырмандар марапатталды. Қызылорда облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының Алғыс хаттары табысталып, кітапхана жұмысына белсенді араласып жүрген азаматтардың еңбегі жоғары бағаланды.
Сондай-ақ «Үздік оқырман», «Ең белсенді оқырман», «Кітап жанашыры», «Үздік жас оқырман» және «Үздік оқырман отбасы» номинациялары бойынша жеңімпаздар анықталып, арнайы марапаттарға ие болды. Бұл марапаттар кітапқа деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, өзгелерге де үлгі боларлық игі дәстүрдің қалыптасуына ықпал етуде.
Шара аясында ұйымдастырылған «Өлке руханияты: жыр мен ойдың тоғысы» атты әдеби кездесу көпшіліктің ерекше ықыласына бөленді. Кездесуге ақындар Асқар Үсенов пен Дастан Нәзікбаев, белгілі жыршы Алмагүл Ешбаева және Қармақшы өңірінің қаламгерлері қатысып, әдебиет пен руханият төңірегінде келелі әңгіме өрбітті.
Кездесу барысында қатысушылар шығармашылық жолдары туралы айтып, өз туындыларынан үзінділер оқыды. Әдебиет өкілдері жастарды кітап оқуға, ұлттық әдебиетті құрметтеуге және туған жердің рухани мұрасын тануға шақырды. Еркін форматта өткен кездесуде оқырмандар көкейлеріндегі сауалдарын қойып, қаламгерлермен ашық пікір алмасты.
Жобаның тағы бір маңызды бөлігі жастарға арналған «Кітап. Білім. Цифрлық технология» тақырыбындағы шеберлік сағаты болды. Бұл алаңда қатысушылар заманауи ақпараттық технологиялардың мүмкіндіктері, электронды кітаптардың артықшылықтары және цифрлық білім беру ресурстарын тиімді пайдалану жолдары туралы пайдалы мәліметтер алды.
Сонымен қатар «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы ұйымдастырылып, ауыл тұрғындары өздерінің жеке кітап қорынан әдеби шығармаларды кітапханаға тарту етті. Акция кітап қорын толықтырумен қатар, қоғамда кітапқа жанашырлық мәдениетін қалыптастыруға бағытталды.
Бүгінде «Кітап керуені» жобасы Сыр өңірінің түкпір-түкпірін аралап, тұрғындарды кітаппен қауыштырып келеді. Бұл бастама арқылы кітапханалардың қоғамдағы рөлі артып, оқырмандар қатары көбейіп келеді. Әсіресе ауылдық жерлерде өткізілетін мұндай мәдени шаралар жастардың рухани дамуына оң ықпал етіп, білімге деген қызығушылығын арттыруда.
Руханияттың алтын діңгегі саналатын кітапты насихаттауға бағытталған «Кітап керуені» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, өңір тұрғындарын білім мен мәдениетке үндейтін маңызды мәдени бастама ретінде қызмет ете бермек. Өйткені кітап оқитын ұлттың ой-өрісі кең, болашағы жарқын болары сөзсіз.