Қармақшы ауданы – Сыр өңірінің ғана емес, тұтас қазақ даласының көне тарихы мен рухани құндылықтарын бойына жинаған қасиетті мекендердің бірі. Мыңжылдықтар қойнауынан сыр шертетін тарихи ескерткіштер мен мәдени мұра нысандары ауданның туристік әлеуетін арттырып, отандық және шетелдік саяхатшылардың қызығушылығын тудыруда.
Бүгінде Қармақшы ауданы бойынша туристік маршруттар мен соқпақтардың мемлекеттік тізіліміне 12 тарихи-мәдени мұра нысаны енгізілген. Бұл ескерткіштер өңірдің бай тарихын, ежелгі өркениеттердің ізін және халқымыздың рухани сабақтастығын айқын көрсететін баға жетпес мұра саналады.
Туристік бағыттарға енгізілген нысандар қатарында Қорқыт ата ескерткіш кешені, Шірік-Рабат қалашығы, Бәбіш-Мола қалашығы, Моңшақты асар, Сортөбе қалашығы, Іңкәрқала қалашығы, Баланды II кесенесі, Жетіасар оазисінің ескерткіштері, Сеңгіртам ғұрыптық-жерлеу кешені, Мынарал қалашығы, Марал ишан кесенесі және Қалқай ишан кесенесі бар.
Бұл ескерткіштердің әрқайсысы Сыр өңірінің сан ғасырлық тарихынан сыр шертеді. Әсіресе Қорқыт ата ескерткіш кешені түркі әлемінің рухани орталығы ретінде ерекше орын алады. Ұлы ойшыл, күй атасы Қорқыттың мұрасымен танысу үшін жыл сайын еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден мыңдаған турист келеді. Кешен бүгінде тарихи-танымдық туризмнің маңызды нысанына айналған.
Ал Шірік-Рабат пен Бәбіш-Мола қалашықтары ежелгі сақ дәуірінің мәдениеті мен өркениетін зерттеуде аса құнды археологиялық ескерткіштер болып саналады. Ғалымдардың пікірінше, бұл қалашықтар кезінде ірі саяси және мәдени орталықтардың бірі болған. Осы нысандар арқылы ежелгі тайпалардың тұрмыс-тіршілігі, қорғаныс жүйесі мен сәулет өнері жөнінде тың мәліметтер алынуда.
Сондай-ақ Жетіасар мәдениетіне жататын ескерткіштер, Сортөбе, Іңкәрқала және Мынарал қалашықтары Сыр бойындағы өркениеттің даму кезеңдерін айғақтайтын маңызды мұралар қатарында. Олар өңірдің көне тарихын зерттеуде ғана емес, мәдени туризмді дамытуда да ерекше рөл атқарады.
Аудандағы Марал ишан мен Қалқай ишан кесенелері халқымыздың рухани өмірімен тығыз байланысты қасиетті орындар болып табылады. Бұл нысандар зиярат туризмінің дамуына серпін беріп, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге қызмет етуде.
Қазіргі таңда Қармақшы ауданында тарихи-мәдени мұра нысандарын сақтау, зерттеу, қалпына келтіру және кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Туристік инфрақұрылымды жетілдіру, ақпараттық сүйемелдеуді күшейту және тарихи орындардың қолжетімділігін арттыру мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінуде.
Тарихи мұраны туризммен ұштастыру – өңір экономикасын дамытуға ғана емес, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға да мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда, Қармақшы ауданындағы тарихи-мәдени ескерткіштер өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір іспетті. Олар келешек ұрпаққа ата-баба мұрасын танытып, Сыр өңірінің шежірелі тарихын әлемге насихаттайтын маңызды рухани қазына болып қала береді.