СЫРДАРИЯНЫҢ ЖАҒАЛАУЫ ҚАУІПСІЗ ӘРІ ТАЗА БОЛУЫ КЕРЕК

Қызылорда қаласының келбетін жаңғырту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасуда. Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қала аумағындағы бірқатар нысандарды аралауы осы бастамалардың жүзеге асу барысын бақылап, алдағы міндеттерді нақтылауға арналды.

Алдымен аймақ басшысы Президент саябағындағы абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарымен танысты. Соңғы жылдары Қызылордада қоғамдық кеңістіктерді көбейтуге, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасауға басымдық беріліп келеді. Президент саябағы – осы бағыттағы ауқымды жобалардың бірі. Мұнда балалар мен жастарға, спорт сүйер қауымға және отбасылық демалысқа қажетті барлық инфрақұрылым қарастырылған. Түрлі спорт алаңдары, амфитеатр, субұрқақтар, велосипед және жүгіру жолақтары, санитарлық тораптар заманауи талаптарға сай жабдықталған.

Саябақтың басты ерекшелігі – көгалдандыру жұмыстарының ауқымдылығы. Мыңдаған ағаш, бұта және гүл көшеттерінің отырғызылуы өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға ықпал етеді. Құрғақ климат жағдайында жасыл желекті сақтау үшін тамшылатып және спринклерлік суару жүйелерінің енгізілуі де маңызды шешім саналады.

Жұмыс сапары барысында облыс әкімі Сырдария өзенінің жағалауын нығайту жобасымен де танысты. Бұл бастама тек көріктендіру жұмысы ғана емес, ең алдымен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған инженерлік жоба ретінде ерекшеленеді. Өзен жағалауының шайылуы мен су тасқыны қаупін азайту мақсатында қорғаныс бөгеттері күшейтіліп, еңістер бекітіледі. Мамандардың айтуынша, мұндай жұмыстар өзен арнасының тұрақтылығын сақтауға және жағалаудағы инфрақұрылымды қорғауға мүмкіндік береді.

Жоба аясында жаяу жүргіншілер мен велосипедшілерге арналған екі жолақты арнайы жол салынады. Бұл өз кезегінде жағалауды тұрғындардың серуендейтін, спортпен шұғылданатын және демалатын қауіпсіз әрі қолайлы орнына айналдыруға жол ашады. Сонымен қатар жарықтандыру жүйесінің жүргізілуі, электр желілерінің тартылуы, металл қоршаулардың орнатылуы қоғамдық қауіпсіздік деңгейін арттырады.

Сарапшылардың пікірінше, Сырдария жағалауын кешенді дамыту жобасы қаланың экологиялық және туристік әлеуетін күшейтеді. Өзен бойындағы инфрақұрылымның жаңаруы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, қаланың сәулеттік келбетін де жаңа деңгейге көтермек.

Жалпы, өңірде қолға алынған жұмыстардың мәні тек жаңа нысандар салумен шектелмейді. Негізгі мақсат – қауіпсіз, жайлы әрі таза өмір сүру ортасын қалыптастыру. Сырдария жағалауын нығайту мен Президент саябағын дамыту бағытындағы жобалар осы міндеттің нақты көрінісі болып отыр. Қоғамдық кеңістіктердің сапасы артқан сайын тұрғындардың өмір сүру мәдениеті де жаңа деңгейге көтерілері сөзсіз.

БӨЛІСУ