ТЕМІРЖОЛ – ҚАЛАНЫҢ КЕЛБЕТІ

Теміржол – кез келген өңірдің көлік инфрақұрылымындағы маңызды буын ғана емес, сол аймақтың сырттан келген адамға беретін алғашқы әсерінің айнасы. Сондықтан теміржол саласын дамыту мен оған іргелес аумақтарды күтіп ұстау мәселесі әрдайым өзекті.

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен өткен мәжілісте теміржол саласы мен инфрақұрылымды дамыту мәселесінің қаралуы осы бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып жатқанын көрсетті. Жиын қорытындысына сәйкес Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді.

Соңғы жылдары күрделі жөндеуден өткен Қызылорда теміржол вокзалы заманауи талаптарға сай қызмет көрсетіп келеді. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасалып, қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Дегенмен, вокзалдың жай-күйімен ғана шектелу жеткіліксіз. Қалаға пойызбен келген әрбір адамның өңір туралы алғашқы пікірі теміржол бойындағы тазалық пен тәртіпке қарап қалыптасады.

Осыған байланысты қала әкімі Бірқазан елді мекенінен Қараөзек стансасына дейінгі теміржол аумағын күнделікті бақылауға алып, тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізуді тапсырды. Бұл – тек санитарлық талап емес, қаланың имиджін қалыптастыратын маңызды фактор.

Мамандардың пікірінше, теміржол бойындағы абаттандыру жұмыстарының жүйелі жүргізілуі экологиялық жағдайды жақсартумен қатар, қоғамдық мәдениеттің де көрсеткіші саналады. Ал қоғамдық орындардың тазалығын сақтау – тек коммуналдық қызметтердің емес, барша тұрғындардың ортақ жауапкершілігі.

Жиында күн тәртібінен тыс қаралған мәселелер де қаланың санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру талаптарын сақтау және қоғамдық орындарды ластаудың алдын алу шараларын күшейтуге бағытталды. Бұл тапсырмалар қаланың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар мен қонақтар үшін қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, теміржол инфрақұрылымын дамыту – көлік қатынасын жетілдірумен ғана өлшенбейді. Ол – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға, туристік әлеуетін көтеруге және қаланың оң имиджін қалыптастыруға ықпал ететін маңызды бағыт. Сондықтан бұл саладағы жұмыстардың сапалы әрі жүйелі жүргізілуі уақыт талабы болып қала береді.

БӨЛІСУ